Ұстаз болу-ұлағатты іс
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан, Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған. Шаршаса да осы жолдың бойында, Қандай рақат,шын бақытын тапса адам.
- Ұстазы жақсының ұстамы жақсы Халық даналығы.
Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт Халық даналығы.
- Ақырын жүріп,анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас , Үйретуден балаға. Абай Құнанбайұлы
- Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық,өйткені мұғалім-мектептің жүрегі Ы.Алтынсарин
- Мұғалім-зор тұлға,ол күннің құдіретті сәулесі іспетті. К.Д.Ушинский
- Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Ж.Ж.Руссо
Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз
Бауыржан Момышұлы
- Ал,ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе- күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
- Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш "Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.


Ұстаз болу-ұлағатты іс (1.9 MB)

