ХХІ ғасыр мұғалімі.
( эссе )
Ұстаздық киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып,толғандырып келе жатқан,қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе-жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Бұл қиынның-қиыны.Себебі әр адам-қайталанбас жеке тұлға. Әр адамның жан дүниесі өзінше бір әлем.Уақыт озған сайын қоғамдағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын бүкіл дүние жүзінде ұстаздың қызметі қиындай түсуде.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай,оны дүниежүзілік білім,ақпарат,экономика кеңістігіне шығуға,яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол нағыз ұстаздың қолынан келеді.
Тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде егемен еліміздің,қоғамымыздың әлеуметтік-саяси және басқа да салаларында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Соның бірі-білім беру саласы.Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең жауапты,маңызды іс болып қала береді. Сондықтан мемлекетіміздің даму, жаңару жолындағы жаңалықтар мен түрлі өзгерістер еліміздің білім беру саласына да өз әсерін тигізуде.
Бүкіл әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігі туындап отыр. Осыған мемлекетімізде білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасы” жариялануы болса, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Қазақстан халқына Жолдауында да білім беруге үлкен мән беріліп отыр.
Қай қоғамда болмасын шешуші фактор-адам және жеке тұлға болып қала бермек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақ бойына игі қасиеттерді сіңіру-бүгінгі ұстаздардың басты борышы.
Ел болашағы- білімді ұрпақта. Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру- ұстаздар қауымына ортақ іс. Сондықтан ұстаздарға жаңаша жұмыс істеуге, шығармашылық еңбегімен оқыту әдістерін жаңа арнаға бұруына, педагогикалық еңбегін қайта құруына тура келеді. Себебі ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талғамы үнемі өсуде.
Білім берудің мақсатын айқындау үшін Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: "Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашынған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің кездейтін түпкі мақсаты — осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек". Сондықтан да ұстаз алдындағы басты міндет ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мəдениетті танитын, төл мəдіниетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай,интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, құқықтық құжаттық мəдениеті, білімді, жан жақты ақпараттандырылған заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: - Дүниетанымдық көзқарасы, сенімі - Қызметке бейімділігі - Кәсіптік білімі мен біліктілігі - Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім - Ұйымдастырушылық қабілет - Заманға сай жаңашылдық Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені - өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.
Ең бастысы – мұғалімге кәсіптік шеберлігін ұдайы дамытып, өз білімін көтеріп отыру, шығармашылықта, ғылыми – әдістемелік ізденістер қажет.Ал осыған ұстаздарымыздың уақыты бола бермейді.Болса да аз.Осының бәрі мұғалімнің моральдық – психологиялық ахуалына әсер етіп жүргенін неге ойланбаймыз. Мұғалімге айтылар сын мен мін көп.Ал оған қамқор болатын іс аз. Мұғалімдердің жалақысын ғана көтермей, әлуметтік жағынан қорғау керек.Міне, сонда ғана мұғалім мәртебесі өсіп, шабыттанып жұмыс істейтін болады.
ХХІ ғасыр мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа сирек, өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық – адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлілігі мен қабілетін өздігінен еркінен дамуын ұйымдастыра алатын, және ата – аналармен педагогикалық ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар әр шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс.Ол шәкірт жүрегіне жол табарлық пәнін қызықтырарлық жол іздейді, өз білімін жетілдіреді, жаңа технология пайдаланады.Өйткені шәкірттен терең білімділікті, ұстамдылықты, еңбекқорлықты , мәдениеттілікті талап ету үшін мұғалімнің өзі сол қасиеттердің үлгісі боларлық дәрежеде болуы тиіс.Сөйтіп, өмір талабының артта қалмаған, үнемі шығармашылық іздену үстіндегі ұстаз ғана шәкірттердің сеніміне ие болып, сый – құрметіне бөленбек.