Ашық тәрбие сағатының тақырыбы:«Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый »
Мақсаты: Желтоқсан көтерілісінің сипатын насихаттай отырып, Желтоқсан құрбандарын мәңгі есте сақтау, тәуелсіздік бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы екенін жете түсіндіру, жас ұрпақ бойында еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру. Желтоқсан оқиғасының арқасында талай жылдар бойы армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын оқушыларға жете түсіндіру, оқушылардың дүниетанымын кеңейту. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру, ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптастыру.Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір- қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта (слайд), суреттер, кітап көрмесі, плакатқа нақыл сөздер
Барысы:
Музыка ойнап тұрады,интерактиві тақтада видеоролик көсетіліп жатады,көрініспен басталады.
1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. 26 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
Әнұраным- жан ұраным,
Айтар әнім- сөйлер сөзім.
Туған жерім сағынарым,
Мәңгі бақи шырқалады,
Республика әнұраным.
(Әнұран орындалады)
2-жүргізуші: Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
Қазақ биі: Жайылхан Ақбота, Дауылбай Венера
1-жүргізуші: Қазақ халқы 1986 жылдың желтоқсанында тар жол тайғақ кешуден өтті. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басы бірігіп бір жұдырықтай жұмылған әрі бақытты, әрі қайғылы күн еді. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар - намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қамықпай қарсы шыға келген жастарымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
2-жүргізуші: Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне алғашқы қадам болған, өз елінің тәуелсіздігі, еркіндігі, өз халқы үшін 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласының Брежнев алаңына шыққан қазақ жастарының бейбіт шеруі. Бұл күні алаңға барған жастар оларды азаптап, соққыға салынатындықтарын , оларға «ұлтшыл» деген атақ беретінін білген жоқ.
Алдарыңызда студенттер желтоқсан құрбандары және олардың тағдырлары жайында сыр шертпек...
Төлегенова Әсел. Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған. Көбі студент жастар. Солардың ішінен атап кететін болсақ: Қайрат, Ләззат, Сабира, Ербол, Тәшенов Түгелбай, Күзембаев Қайыргелді, Тайжұмаев Жамбылбек, Көпесбаев Ертай т.б. тоқталып кетуге болады.
1.Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы туған, Алматы сәулет-құрылыс институтының 1-курс студенті - Қазақ КСР Қылмыс Кодексінің 60-бабы-2 жылға, 65-бап-12 жылға, 173-1 жалпы қылмыстық істерінің жиынтығық ең ауыр- өлім жазасына кесілдіМектепте белсенді комсомол мүшелерінің бірі болған. 1986 жылы жолдамамен Алматы сәулет - құрылыс институтына түседі. 1986 жылы 16 желтоқсанда бейбіт шеруге қатысады. Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқаны үшiн Совицкийді өлтірдің деп жазықсыз жала жабылып, өлiм жазасына кесiледi. Кейiннен бұл жаза 20 жылдық кесiмге ауыстырылды.
2.Асанова Ләззат Алтынайқызы (27.07.70, Алматы облысы Жаркент ауданы Айдаралы ауылында дүниеге келді. 1985 ж. Алматыда П.Чайковский атынд. муз. уч-щеге оқуға түскен. Алматыда 1986 ж. 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға (қазіргі Республика алаңы) алғашқы ереуілшілер қатарында “Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!” деген ұранмен шықты. Ләззаттың ерлігіне арналған ән (“Қаһарман қыз — Ләззат қыз”. Музыкасын жазған Жоламан Тұрсынбаев, өлеңі — Абдрахман Асылбектікі), ол жөнінде баспасөз беттерінде ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері жарық көрді.Ләззатқа екі мәрте1996 жылы және 2004 жылы «Халық қаһарманы »атағы берілді.
3.Сыпатаев Ербол Мұқажанұлы (10.03.1964 ж. Алматы облысы Панфилов ауданының еңбекші ауылы - 23.12.1986 ж. Алматы) – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1981-1982 жылдары кеңшарда жүргізуші болып істеді. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. 18 желтоқсан күні ауыр жараланып ауруханаға түсіп, сонда қайтыс болды.
Абдали Тамаша. 4.Сабира Есімбекқызы Мұқанбетжанова 26желтоқсанкүні Астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін өзінің арнамысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына училищеден 1-курс студенті Сабира Мұқанбетжанова жатақхананың 5-ші қабатынан құлап өлді. Желтоқсан жылнамасында ол туралы: «1970 жылы туған, Өскемен педагогикалық училищесінің студенті. Желтоқсанның 21-22 күндері Өскеменде болған наразылық шараларына қатысып, 26 желтоқсан күні мерт болды» деп жазылған.
5.Тәшенов Түгелбай Тұрманұлы, 1961 туған 39 құрлыс- монтаж басқармасының ағаш шебері - Қазақ КСР Қылмыс Кодексінің 60-бабы-2 жылға, 65-бап-12 жылға, 173-1 Қылмыстық кодекстің 37-бабы , жалпы қылмыстық істерінің жиынтығы-15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қатаң түзету коллониясында өтейді.
Ақыметқалиқызы Назерке 6.ТайжұмаевЖамбылбек Қожамжарұлы 1962 жылы туған Алматы энерго-құрылыс техникумының 3- курс студенті- 65-бап-12 жылға, 173-1 жалпы қылмыстық істерінің жиынтығы-15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қатаң түзету коллониясында өтейді.
7.Күзембаев Қайыркелді Қалиақпарұлы 1959 жылғы, - Қазақ КСР Қылмыс Кодексінің 60-бабы-3 жылға, 65-бап-12 жылға, 15,88 ч.1 п. В және 17, 173-1 Қылмыстық кодекстің 37-бабы , жалпы қылмыстық істерінің жиынтығы-14жылға бас бостандығынан айырылды. Қатаң түзету коллониясында өтейді.
8.Көпесбаев Ертай Тәңірбергенұлы 1966 жылығы, Алматы сәулет-құрылыс институтының 1-курс студенті - Қазақ КСР Қылмыс Кодексінің 60-бабы-2 жылға, 65-бап-4 жылға, бас бостандығынан айырылды. Қатаң түзету коллониясында өтейді.
Лаззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанова Желтоқсан оқиғасының құрбаны болды. Сабитова Жансая Әлкейқызы бес жылға, Сыдықова Нағима Асқарқызы үш жылға сотталды. Бас аяғы жиырма ару қыз бас бостандығынан айырылды, әрқайсысы әр жылға. Екеуі еңбекпен түзеу жазасына тартылды, біреуі қара жұмысқа жіберілді.
Ән: «Атамекен» Ешнияз Дианара
1-жүргізуші: Иә, ата-бабам аңсаған азаттық таң.
Ата – бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып,көк байрағымыз көкке желбіреді.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен,ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған Желтоқсан оқиғасының орны ерекше.
Тәуелсіздік үшін жанын құрбан еткен азаматтарымыздың ерен еңбегі ешқашан ұмытылмас. «Өткенсіз – болашақ жоқ» - демекші өткен күнімізді еске алып, болашақ нық қадам басу үшін желтоқсанның естеліктерінен үзінді көріп, ата - бабамыз армандаған Тәуелсіз Қазақстанымыздың бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен тарих жолдарынан үзінді видеороликті назарларыңызға ұсынамыз.
16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған арнайы видеороликті назарларыңызға ұсынамыз.
2-жүргізуші: Тәуелсіздікке арналған өзінің жыр шумақтарын оқитын және ақындардың өлеңдерін оқитындар: Тойбазар Дәулет, Кеңесов Данияр, Қожахметова Нұрила, Нәлтай Аружан
1-жүргізуші: Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.
Алдарыңызда «Ерке сылқым» күйімен Ақбота қыздарыңызды қарсы алыңыздар.
2-жүргізуші: Таң қалады тергеуші де бел кетіп,,
Неткен қайтпас, біз мұндайды көрмедік!!!
Барлық қазақ осындай ма.? білмедім,
Жоқ әлде сен оқшау ма едің, не ерлік?....
Барлық қазақ осындай, бар қанында,
Сол ерлікпен ұстаған, сар даламды,
Кіргізбеген жауларын, бір сүйем де,
Ұрпағы үшін жан берген, өр бабам да!!!...
1-жүргізуші: Араға жылдар салып тарих қайнауына кіріп бара жатқан желтоқсан оқиғасындағы халқымызға жағылған қара күйе «ұлтшыл», «нашақор»деген атақтар халқымыздың біртуар қалаулы ұлы Мұхтар Шахановтың басшылығымен қайта қаралып, 1991жылғы 12- желтоқсанда оқиғаға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы және 17желтоқсанда «ҚР-ның демократиялық жаңару күні деп жариялау туралы» Республика Призидентінің жарлығы шықты.
Ерлеріміз бен қайсар қыздарымыздың арқасында Қазақстан егеменді ел болып,дүние жүзіне танылуда.Біздің отанымыз Егеменді тәуелсіз Қазақстан республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті Тарту етті. Енді біздің парызымыз—тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениетің биік шыңына көтерілу .
Ән: Ешнияз Динара «Туған жерім»
2-жүргізуші: «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы - Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея.
«Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. «Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.
Гүлназ:Мәңгілік ел - арманымның асқары,
Мәңгілік ел - бақытымның бастауы.
Мәңгілік ел - тарихымның дастаны,
Мәңгілік ел Нұрлы жолға бастады.
Мәңгілік ел - менің аппақ мұратым,
Болашаққа нұрын шашып тұратын.
Мәңгілік ел - нұрлы жолы қазақтың,
Бар әлемге мойындатар қуатын.
Айман:Мәңгілік ел - шежіресі даламның,
Мәңгілік ел - ақ тілеуі анамның.
Мәңгілік ел - мәңгілікке аманат,
Мәңгілік ел - нұрлы жолы бабамның.
Мәңгілік ел - бейбіт өмір әуені,
Мәңгілік ел ең адамдай әдемі.
Айжан:Мәңгілік ел - тәуелсіздік тірегі,
Мәңгілік ел - бүкіл халық тілегі.
Мәңгілік ел Нұр ағамның тілегі,
Нұр ағамды бүкіл әлем біледі.
Қазақ елі бейбітшілік тірегі,
Нұр ағамның нұр жолымен жүреді»
Ақжан: Бір мақсат – Мәңігілік елді нығайту, біздің Отанымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту!
Бір мүдде – біздің ортақ құндылығымыз, тәуелсіз және гүлденген елде өмір сүруге ұмтылу.
Бір болашақ – Мәңгілік елдің, біздің ортақ Отанымыз – Тәуелсіз Қазақсатан Республикасының гүлденуі.
1-жүргізуші: Барлық ұлттың басын қосты бұл достық
Ұлы достық Нұрлы достық
Күн достық
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты
Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным – бақ - дәулетім,
Болашағым, өнер - білім, өркенім.
2-жүргізуші:Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!
Желтоқсан құрбандарының рухына мың тағзым!
1-жүргізуші: Бүгінгі тәрбие сағатымыздың арнайы қонағы Қибаш Ернаттың орындауында «Мен-қазақ» әнін қабыл алыңыздар.
Осымен «Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый» атты ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Аман – сау болыңыздар!
Қызылорда облысының білім басқармасы
«Болашақ» университетінің колледжі мекемесі
Бекітемін
«Болашақ» университетінің колледжі
мекемесі директорының ТЖ
жөніндегі орынбасары_______
Смаилова А.Е. «_____»_____2017ж
«Тәуелсіздік – Тәңірден келген тәтті сый»
Ашық тәрбие сағатының әзірлемесі
КЯ – 16/9 оқу тобы
Топ кураторы:Узакова Б.Б.
Қызылорда, 2017-2018 оқу жылы