ОҚУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАСТАМАСЫН ДАМЫТУ
Сейманова Гульбаршын Задабекқызы
Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы
Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушысы
Оқушының өз ойы, өзінің шығармашылық бастамасы, сол шығармаға деген өзіндік көз қарасы болмаса, ол нағыз орындаушы-музыкант бола алмайды. Оқытушы мұны әр уақытта ескеруі тиіс. Осы тұрғыдан ол оқытушысымен күнбе-күн жұмыс істеуі керек. Оқытушыға қайсы шығарманы болса да өз сана-сезімімен, өзінің музыкалық шығармашылық түсінігімен орындата білу, соған саналады. Сабақ кезінде орындалатын музканың характері (мінезі), стилі, формасы, ырғақтық ерекшеліктері жайлы оқушыдан сұрау, оның шығармашылық инициативасын дамытады, ойын оятып, қиялын қанаттандырады. Ал жаңа үйренетін шығарманың жартысы алғашқыда оқушыға өз бетімен талдап, үйренуді тапсырудың маңызы өте зор. Бұл оқушыға көсетілген зор сенім. Мұндай кезде, оқушы шығарманы қалай талдап, қандай дәрежеде орындай алатынын көрсетеді. Егер оқушы бұл тапсырманы ойдағыдай орындап, өзінің орындаушылық қабілетін, шығармашылық бастамасын тәуір көрсете білсе, оқытушы оған бір шығарманы бүтіндей өз бетімен үйреніп орындауы үшін тапсырма беруіне болады.
Бұл жерде ескеретін бір жай, оқушыдан «дәл мендей ойна» немесе «анау құсап ойна» деп талап ету оның шығармашылық бастамаларын тежеу, орындаушылық ерекшеліктеріне нұқсан келтіру деген сөз.
Бірақ оқушының шығарма стилімен шығып кетіп, композитор ойын бұрмалап орындауына оқытушы сақ болуы керек.
Домбырашы-педагог оқушының шығармашылық бастамасын көтеріп, дербес үйреніп өсуі үшін,қандай музыкалық шығармалар орындағысы келетінін оның өзіне тапсырады. Егер оқушының таңдап алған шығармалары программаға сай келсе, музыкалық мазмұны көркемдік тұрғысынан қанағаттандыратындай болса, онда ол шығармаларды жұмыс жоспарларына енгізуге болады.
Оқушының жалпы орындаушылық мүмкіндігін өсіруде оның есту, есіне сақтау және музыкалық ырғақтан, (ритм) ауытқымау қабілетін барынша жетілдіру жағына аса назар аударудың маңызы зор. Өйткені домбырашының орындаушылық дарындылығы дегеніміз осы үш мәселеге байланысты.
Домбырашының өзіндік шығармашылық бастамасын дамытуда, оқытушы одан әр уақытта белгілі орындаушылардың концертіне барып, көптеп музыка тыңдауды талап етуі керек. Болашақ музыкант-домбырашы неғұрлым музыканы көп тыңдап, музыкалық әдеби кітаптарды көп оқитын болса, оған оның солғұрлым пайдасы тиеді. Оқушының жалпы білімі, эстетикалық санасы, мәдениеті жан-жақты өсетін болады. Симфониялық, опералық, камералық және вокалдық музыкаларды тыңдай білу, өзінің шығармашылық орындаушылық шеберлігін арттыру, ілгері дамыту деген сөз.
Болашақ өнер қайраткерлерінің жан-жақты білімді болуы оның орындаушылық өнерінің өсуіне, орындайтын шығармаларының мазмұнын, сипатын, стильдік ерекшелігін терең түсінуіне айтарлықтай пайдасын тигізеді.
Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе, оқушының қоғамдық жұмыстармен айналысуына, көркем өнерпаздар үйірмелерімен байланыста болуына, мүмкіншілік жасау керек.
Мұндай жұмыстар оқушының ұйымдастырушылық қабілетінің ширауына нәтижелі әсерін тигізетін болады. Оқушы домбырашылардың сана-сезімі, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы, білімі, жалпы мәдениеті, музыкалық қабілеті бірдей болып келе бермейді. Әрбір оқушының өзіндік ерекшелігі оның тәрбиесіне, шыққан ортасына байланысты.
Демек, оқытушы өзінің тәрбие жұмысында әрбір оқушыға өз алдына жеке-жеке педагогикалық методтар қолдану әдісін пайдалануы керек. Мамандық сабағының басқа пәндерден ерекшелігі, ол дербес сабақ. Әрбір оқушының оқытушыдан жеке-жеке үйренуі оған деген ұстаз қарым-қатынасының өзгеше болуын талап етеді. Жеке сабақтың пайдасы оқушыны жан-жақты білуге мүмкіндік береді. Әрине, өз кемшіліктерін біртіндеп жою, жақсылыққа үйрену, сапалы білімге талпыну оқушының өзіне, оның мінезіне байланысты. Бірақ мұның бәрі оқытушының тәжірибелік жұмысынан, қирағы көзінен таса қалмауы керек. Оқытушы оқушының өз міндетін дұрыс түсінуіне, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына, бойында бар кемшілікті жойып, көргенді азамат болып шығуына қамқорлық жасауына міндетті. Ол үшін оқытушы оқушысымен тығыз байланыста болуы керек. Тек сабақ кезінде ғана кездесіп қоймай, оқушының жатақханасында болып, оның дос-жолдастарымен кездесіп әңгіме өткізудің, қайсы бір уақыттарда оқушылармен бірге кино, театрға, музейге, концерттерге барғанның үлкен тәрбиелік маңызының бар екендігін әр уақытта естен шығармауы керек.
Оқытушы өзінің шәкірттерін, әсіресе олардың психологиялық ерекшеліктерін жақсы білуге тиіс, егер назар аударатын болсақ, психологиялық жаратылысы бірдей екі оқушыны кездестіру мүмкін еместігі сезіледі. Әрқайсының ойы да, алғырлығы да, сабақ үлгерімі де түрліше болып келеді.
Болашақ орындаушы-домбырашыларының қандай психологиялық ерекшеліктері болуы мүмкін?
Бірінші, оқушының ойы, арманы, қиялы қайсы оқушыны болса да белгілі өнер қайраткері болсам деп армандайды, соған талпынады, құлаш сермейді. Әрине бұл жақсы ниет. Бірақ оқытушы оған болашақта кім болып шығады, оның міндеті мен борышы не екендігін айтып, түсіндіріп дұрыс бағыт сілтеуі тиіс. Оқушы өзінің ойынымен тыңдаушыларына эстетикалық нәр беретін, музыкант-орындаушы, шәкірт даярлайтын болашақ оқытушы – ұстаз екендігін айқын түсінуі тиіс. Егер негізгі міндетін дұрыс түсініп, соған деген сүйіспеншілігін арттырған үстіне арттырып, шын зейінімен еңбек етіп, үлкен ой, үлкен арманмен ілгері, талпынатын болса, ондай оқушының зор табысқа жетуі сөзсіз. Тек музыкаға шын берілген, оны жан тәнімен сүйе білген домбырашы ғана бұл мақсатқа жете алады.
Екінші, оқушының қабілеттілігі.
Қабілет – оқушының ұғымталдығы, зеректігі, алғырлығы. Қабілетті оқушы айтқанды тез ұғып, көрсеткенді дәл игереді. Оның есту қабілеті, музыкалық сезімталдығы, шығарманың стилін, характерін іштей сезіп түсіне білу, оқушы қабілетінің жан-жақтылығын білдіреді. Мұның бәрі сайып келгенде оқушының дарындылығын көрсетеді. Демек, нағыз орындаушы музыкант-домбырашы болу үшін әрі қабілетті, әрі дарынды болу керек.
Қабілеттілігі және дарындылығымен көзге түскен оқушыны біз талантты оқушы дейміз. Әдетте, талантты оқушы өзінің психологиялық жаратылысы тұрғысынан «сегіз қырлы, бір сырлы» болып, ойнау аппараты, есту қабілеті, музыкалық сезімдалдығы, күшті дамыған болып келеді.
Біз дарынды, шеберлік деген сөздерді бір-біріне шатастырмауымыз керек. Музыкалық орындаушылық саласында бұл екі сөздің ұғымы екі басқа. Дарындылық саласында бұл екі сөздің ұғымы екі басқа. Дарындылық дегеніміз жоғарыда айтып өткеніміздей орындаушы-домбырашының алдына қойған мақсатынаижеткізетін, әртүрлі қабілеттіліктің ұйтқысы, бірлігі, ал шеберлік дегеніміз орындаушының өз аспабын игеруде алған білімінің жемісі, үйренген орындаушылық өнерінің қорытындысы. Бірақ бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты, бұларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Себебі шеберлікті тез игеру орындаушы-домбырашының дарындылығына байланысты болса, шеберлік оқушының қабілеті мен дарындылығын жетілдіруге, дамытуға әсерін тигізеді. Бірақ оқушы қанша қабілетті дарынды әрі талантты болғанымен оқытушы оны еңбекке, өз бетімен жұмыс істей білуіне үйретуі керек. Еңбексіз таланттың, қабілеттің дамуы мүмкін емес. Егер оқушы еңбек ете білсе алдына қойған мақсатын дұрыс түсініп, оны іске асыра алса, айтарлықтай қабілетті болмаса да, жақсы нәтижеге жететіні сөзсіз. Атақты музыканттардың, композиторлардың бұл тұрғыдан әр уақытта ерінбей, жалықпай сарыла еңбек ететінін біз жақсы білеміз.
Орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковский шығармашылық еңбектің маңызы жайлы былай дейді: «Шабыт дегенді күтуге болмайды, оның өзі де жеткіліксіз, ең алдымен еңбек, еңбек, және керек. Тіпті, дарынды, данышпан деген адамның өзі егер ол шамадан тыс еңбеңтенбере, ұлы шығарма түгіл орташа шығармада бере алмайтынын еске сақтаңыздар. Адам неғұрлым талантты болса, соғұрлым ол еңбектенуі керек»-Азаров Ю.П. Сезім, техника, шеберлік. 27 бет
Оқытушы үшін жауапты кезең, оқушының мамандығынан емтихан тапсыру кезеңі болып есептеледі. Емтихан кезінде оқытушы оқушының тек қабілетін, орындаушылық шеберлігін әңгіме етумен қатар ол жыл бойы қалай дайындалды, музыкаға деген ынтасы қандай аспабын игеруде қалай еңбек етті, қандай музыкалық шығармаларды орындауғы бейім, басқа сабақтардан үлгерімі қандай, міне осының бәрін әңгімелесуі керек. Оның қабілеттілігі мен дарындылығын осы тұрғыдан бағалай білуге міндетті.
Емтиханның аты емтихан, оқушы алғашқыда ұялады, қысылады, тіпті, өзінен-өзі жасқанады. Әрине, мұндай жағдайда ол өзін ойдағыдай көрсете алмайды. Бірақ бұған қарап оқытушы бірден қорытынды жасамауы керек.
Біріншіден, ол оқушыға өзін-өзі тоқтату үшін мүмкіншілік беруі керек, екіншіден -әуелі қиын шығармаларды ойнатпай, жеңілдеу оқушыны келесі шығармаға дайындайтын музыкалық пьесадан бастауы керек.
Оқушының бір-бірінен тағы бір психологиялық айымашылығы темпераменттік. Мұнын өзі әркімде әр-түрлі болатын нәрсе. Біреуі музыка орындау кезінде тым шабытты, арқала келсе, біреулері салмақты, байсалды келеді. Енді біреулері тым ұяң, сылбыр, бос келеді. Бірақ бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Соған байланысты біреуі тез, шапшаң орындалатын жігерлі, салтанатты шығарманы ұнатса, біреуі лирикалық сезімге толы, жай сызылта орындалатын шығармаға әуес келеді.
Темперамент - қолдан жасалатын дүние емес, ол әркімнің мінезіне, характеріне байланысты нәрсе. Бірақ қандай оқушы болса да одан әр-түрлі сипаттағы музыканы орындауды талап етуге болады. Оқытушы қолдан келгенше оқушының ойынындағы көңілге ұнамайтын артық қимылды, әсерсіз шабытты жоюға, ал сылбырлықты жандандыруға ерекше назар аударуға міндетті.Оқушылардың мінезінде бір жақсы қасиеттерін жарыққа шығаруға, соны басқаларға үлгі етуге назар аударуы тиіс. Ерлік, адалдық, табандылық, байыптылық, ұстамдылық, достық, туысқандық, кішіпейілділік музыканттарға ғана тән қасиет болып саналады. Оқытушы оқушыларын осы қасиеттерге баулып, тәрбиелеуі керек.
Егер оқытушы оқушысының оғаш мінезін байқайтын болса, оған тиісті мән беріп, оны тезірек түзетуге шара қолдануға міндетті. Мінез дегенді түзетуге болады. Бұл оқытушының беделіне, іскерлігіне, жауаптылығына байланысты.
Оқытушы оқушысының қандай кітаптар оқитынын, қандай музыкаларды сүйіп тыңдайтындығын, кино, театрға, музейге, концерттерге барып тұра ма, жоқ па, ол не білгісі келеді, міне, осының бәрін білуге тиіс. Егер оқушы әлдебір себептермен мамандығынан көңілі қалса оның себебі не, оған кім кінәлі, оқытушы мұны да білуге міндетті. Қысқасын айтқанда, оқытушы оқушының жан-жақты білім, тәрбие алуы үшін, оның заманымызға лайық музыкант-азамат болып шығуы үшін еңбектенуі керек.
Қолданылған әдебиеттер
Азаров Ю.П. Сезім, техника, шеберлік. 1992
Ақанова Б.О. Музыка пәнін оқытудың инновациялық технологиясы арқылы шығармашылық тұлға қалыптастыру жолдары. 2004
Аяғанова Л. Жаңа технологиялар-сабақта. 2003

Оқушының шығармашылық бастамасын дамыту (57.5 KB)

