Сабақтың тақырыбы: Сәнді тоқыма жастық.
Алмагул Адилжанкызы Байжуманова
"Ортадересін жалпы орта білім беретін мектеп" КММ-нің технология пәнінің мұғалімі, Ортадересін ауылы, Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы
Сабақтың мақсаты: оқушыларды ілмек бізбен жастық тоқу технологиясымен таныстыру, орындалу әдістерін үйрету.
Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері:
Білімділігі: оқушыларға ілмек бізбен тоқуда білім, білік дағдыларын қалыптастыру.
Дамытушылығы: оқушының шеберлігін, есте сақтау, байқағыштық қабілеттерін арттыру, шеберлігін дамыту.
Тәрбиелілігі: өз бетінше жұмыс істеуге, жауапкершілікке, эстетикалық талғамдық деңгейлерін көтеруге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақты меңгерту.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелік, демонстрациялық, теориялық-сарамандық.
Пәнаралық байланыс: геометрия, сызу, бейнелеу, тарих.
Көрнекілік: слайд-презентация, дайын бұйымдар, альбом.
Сабақтың барысы.
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылардың жұмыс орнын сабаққа даярлау. Санитарлық-гигиеналық ережелерін сақтау.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
Қолөнер тақырыбын қайталау мақсатында тест сұрақтарын жүргізу.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Қолөнер туындылары халық өнерімен бірге жетіліп, бірге қайнасып келе жатқан өнер. Саналуан түрлі қолөнер бұйымдарының әсемдігі, сәнділігі, өрнегі тұрмысымызға сән береді, адамдар одан рухани ләззат алады. Соның ішінде тоқу өнері - қазақ халқының ежелден келе жатқан ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірменді өнер. Қазіргі кезде туысқан халықтар шығармашылығымен толықтырылып байытылып, тұрмыспен бірге ұласа дамып келеді. Негізінен, тоқыма тоқу өнерінің терең тарихы бар. Бізбен тоқу өте ертеде Солтүстік Африкада 12-14 ғасырда, одан кейін Шығыз Еуропада, Ресейде, Азия елдерінде дамыған. Ата бабаларымыз қыздарды сәндік қолданбалы өнерге соның ішінде тоқыма тоқуға да ерте баулыған.
Қазіргі кезде жастықтардың алуан түрі тұрмысымызда өзіндік қызмет атқарып отыр. Шеберлер шексіз шығармашылықпен алуан түрлі жастықтар жасап халыққа ұсынуда. Біз де сабағымызды әсемдік бұйым, сәндік үшін жасалатын ерекше жастық түрін тоқуға арнамақпыз. Ерекше дейтін себебіміз біздер бұдан бұрын жастықтарды әр алуан матадан құрап, тіккен болсақ, ендігі жасайтын жастығымыз тоқылып жасалынады. Жастықшамыз сәнді де, әдемі болу үшін жіптер үйлесімділігіне баса назар аударғанымыз жөн. Дұрыс таңдалған жіптермен тоқылған жастықша бізге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
IV. Сарамандық жұмыс.
1. Ұйымдастыру.
тоқыма жастықша қабын тоқу үшін кез келген түрлі түсті жіптерді пайдалануға болады. Жүннен, мақтадан иірілген немесе жібек жіптер, т.б. (тым жуан болмауы керек).
әдетте үстіге киетін киімдер үшін бостау иірілген жіп, ал бұйымдар үшін ширақ иірілген жіп пайдаланылады. Дегенмен, бүйымның қолданылатын орнына байланысты жіп таңдалынады.
жастықшалар бірнеше бөліктен құралынып жасалынатындықтан, әр оқушы бір-бір бөліктен тоқып үйренеді.
2. Негізгі бөлім. Технологиялық карта "Сәнді тоқыма жастық"
№ | Жұмыс бірізділігі | Суреті | Ескерту |
1 | Жіптер таңдау. | Тым жуан еместігін, түс үйлесімделігін таңдау. | |
2 | Негізгі орта 4 ақ гүл күлшелерін тоқып алу. | Іліп алу кезінде шалу санынан қателеспеу. | |
3 | Екінші қатар айналымын тоқу. Қара жіптен 8 гүл күлтешесі. | Бұрышқа келетін күлтешелердің екі еселенетініне назар аудару. | |
4 | Үшінші қатар айналымын тоқу. Ақ жіп әр күлтешенің ортасынан және екі шетінен алынатын шалулар. | Тоқып жатқан нәрсеміз бүріліп қалмау үшін сәл бостау тоқу. | |
5 | Дәл осындай әдіспен төртінші қатар - қара жіп, бесінші қатар - қызыл жіппен тоқылады. | Әр күлтешенің біркелкі болуына назар аудару. | |
6 | Дайын бөліктерді бір-біріне біріктіру | Біріктіру тігістерінің әдемілігіне мән беру керек. | |
7 | Біркелкі тоқылған артқы бөлікті дайын болған жастықтың алдыңғы бөлігімен біріктіріп, жастыққа кигізу. | Өз қиялымызбен жастықты одан әрі безендіруге болады. |
V. Қорытынды бөлім.
Біз не үйрендік ?
1) суреттеуді бір-бірінің жұмыстарын салыстыру (оқушылар тоқыған бөліктерінің тоқылуын, көлемінің, түстерінің сәйкестігін салыстырады).
2) Өз ойларын ортаға салады (осындай бөліктерден көп нәрсе жасауға болады: сөмке, төсек жапқыш, киімдер, майлық, чешки, шұлық, т.б.)
VI. Бағалау жұмыстары.
VII. Үйге тапсырма. Жұмысты жалғастыру.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Жүннен жасалатын бұйымдар/ К. Мұқанов. – Алматы: Қайнар, 1990.
2. "Мектептегі технология. Технология в школе" республикалық әдістемелік журналдары.