Кешеден бүгінге ...
Бүгінгі заманда мемлекеттің жаңа тұрғыдан дамуы, білімнің сапасын арттырып, жоғары дәрежеге жеткізу мақсатында жүзеге асырылуы аса жауапкершілік жүктелген мұғалім тұлғасымен өлшенеді. Мұғалімге қазіргі заманғы озық технологияларды меңгеріп, шығармашылық белсенділігін кәсіби біліктілігімен байланыстыру қажеттілігін туындатып отыр. Әрине, ол үшін әрбір ұстаз өз пәнін жетік меңгеруі шарт. Сонымен бірге, ғылымның негізін, оның қазіргі кездегі жағдайын, ғылымның даму қарқынын және өмірмен, тәжірибемен байланысын терең түсіну керек. Яғни, мұғалім білім беру барысында өз білімділігін көрсетіп қана қоймай, қазіргі заманғы техниканы пайдалана отырып, сол білімдердің ең негізгісін, маңыздысын түсіндіру шарт. Сонымен бірге, оқушыларға білімді меңгерулеріне барынша көмектесіп, меңгерген білімдерін өмірде тиімді қолдана білу арқылы дами түсуіне жол ашуы қажет.
Заман талабына сай әрбір ұстаз өзінің педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға ұмтылу үшін жаңартылған бағдарламаның негізгі міндеттерін білуі тиіс. Олар:
1.Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдер.
2. Сын тұрғысынан ойлауға үйрету.
3. Оқыту үшін бағалау мен оқыду бағалау.
4.Оқыту мен оқуда ақпараттық- коммуникациялық технологияларды пайдалану.
5. Таланты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
7.Оқытудағы басқару және көшбасшылық.
Бұл модульдер білім берудің кез келген жүйесінде қажет. Әрине, бұл жаңадан енген жүйе емес, бұрыннан да бар модульдер. Алайда бүгінде ол бір жүйеге келтіріліп, бірізділеніп отыр.
Оқыту үздіксіз үдеріс, ол үнемі дамытып отыруды қажет етеді. Жоғарыда аталған модульдер оқытуды сапалы етуге көмектеседі және жөн сілтейді. Ал мұғалім аталған модульдерді негіз ете отырып, оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді және басты назарда нені ұстауға болатындығына көмектеседі. Ол үшін сабақ барысында тиімді әдістерді ұтымды да ұтқыр пайдалана білуі керек. Сондай әдістің бірі- диологтық оқыту әдісі. Бұнда оқушылар өз ойын анық жеткізуге, сыныптасының көзқарасына сыйластықпен қарауға, өз көзқарасын дәлелдеуге, өз білімінің қандай деңгейде екенін тануына мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бұл әдісті топпен, жұппен жұмыс жүргізу кезінде кеңінен пайдаланудың нәтижесі мол, себебі, бұл- екі жақты үдеріс. Оқытуда серіктестерімен әңгіме, ынтымақтастықты қалыптастыру, түсіну дәрежесін анықтау мақсатында сұрау, оқушыларға қойылатын сұрақтар мен олардың жауаптары осы диологтік оқыту кезінде іске асады.Аталған әдісті тиімді пайдалана білген ұстаз сыныптағы оқушылардың өз ойын жеткізудегі сөздік қорының жұтаңдығынан, сұрақ қоюдағы олқылықтардан, ойын қысқа, шолақ сөйлемдермен қайыра салудан және сөйлемдердің арасында логикалық байланыстардың бұзылуы секілді мәселелерден арылады. Керісінше, диологтік қарым-қатынасты дамыта отырып, оқушылардың тапсырманы өздігінен игеруге ұмтылғанын, зерттеушілік әңгіме дәрежесіне жеткенін, жұпта не топта жұмыс істегенде, олар мұғалім-оқушы сұхбаты түріндегі өзара іс-қимылға қарағанда, мейлінше «симметриялы» болып табылатын және өзара іс-қимылға бағытталғанына көзі жетеді.
Сонымен бірге, «ЖИГСО», «РАФТ», «Қарлы кесек», «Синквейн», «Автор орындығы», «Дананың кілттері», «Ұтымды, ұтымсыз», «Түртіп алу», «Миға шабуыл» әдіс-тәсілдерін де тиімді пайдалана білсек сабағымызда жетістікке жетуге жол ашылар еді. Себебі, мен өзім осындай білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушыларымның сабаққа деген ынта-жігерінің бұрынғыдан арта түскенін аңғардым. Тек білімге деген ынтасы ғана емес, кейбір оқушыларымның басқа талап-қабілеттері көрініп, тіпті мінез –қылықтарында жағымды өзгерістер орын алып, достарымен қарым-қатынасқа түсуде жақсара түскендігін байқадым. Бұл әрбір ұстаз үшін үлкен баспалдақ деп білемін. Сондықтан дәстүрлі оқыту жүйесін алмастыратын сындарлы оқытуда баланың ізденімпаздық, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру әрі дамыту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ендеше, барша ұстаздар қауымы өздеріне берілген жауапкершілік жүгін мойымай атқаруға күш салса дегім келеді. Себебі, бүгінгі ұстаз берген білім арқылы, ертеңгі ел болашағы айқындалмақ. Олай болса, ертеңгі бесігіміздің түзу, керегеміздің кең болып, өркениетті елдер қатарына қосыла алар ұрпақ тәрбиелеу ұстаз қолында екенін ұмытпайық!
Алматы облысы Сарқан ауданы Сарқан қаласы
«Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі
мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мықтыбекова Самал Шайқысланқызы


Кешеден бүгінге ... (17.26 KB)

