Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті
МҚКК «Ұшқын» бөбектер- бақшасының педагог- психологі
Қайырбаева Айнұр Қаржаубаевна
А.М.Горький: «Ойын арқылы бала дүниені таниды» дегендей ойын – адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Сондықтан ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып білімін жетілдіреді.
Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды, отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Ойын балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін қалыптастырады. Ойынның ережелері ойнаушының қисынды ой қабілетінің дамуы, бір-біріне деген сыйластық, қажеттіліктерімен санасуы әр оқушының жеке әрекетінен туындайды. Ойынның басты шарты жеңіске жету болса, әр ойыншы өз қарсыласының мүмкіндігімен санасып, бір-біріне деген сенімен арттырады.
Ойын түрлері өте көп. Соның ішінде ойын-сабақ, ойын-жаттығу, сергіту ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, логикалық ойындар, грамматикалық ойындар, ұлттық ойындар, т.б. Мұндай ойындар оқушыны жан-жақты дамытып, білімді толық игеруіне көмектеседі.
Ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ балаларға жеңіл әрі тартымды, әрі түсінікті болады. Ойын сабақтары оқушылардың өздігінен жұмыс істеуге, ойлау қабілетін дамытуға үйретеді. Ойын кезінде балалардың достық сезімін оятып, бір-біріне қамқорлығы, ұжымдық бірлігі нығаяды. Балаларды жақсылыққа, қайырымдылыққа, ізгілікке, әдептілікке тәрбиелеуге болады. Ойын түрлерін сабақта тиімді пайдалана білу мұғалімнің меңгертіп отырған білімін ықыласпен тыңдап, білімді берік меңгеруіне көмектеседі.
Баланың ойын үстіндегі өзін-өзі жаттықтыруы, өмірді білуге деген құмарлығы, шынығуы, шындалуы, оның ақыл-ойы, дене еңбегіндегі белсенділігін арттырып, алдына қойған мақсатына жетуге деген ерік-қайратын шыңдайды, алға қарай ұмтылсын, құштарлығын оятады. Осының нәтижесінде оқушының өз бетімен ізденуі, білімді қажетсінуі өсіп, нақтылы мақсаткерлікке ұласады. Ойынға қатысқан әр оқушының алдына жеңіске деген ұмтылыс пайда болады.
Ойынды түрлендіруге жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды жатқызуға болады. Олар әр тілді, әрі ақыл-ойды дамытуға, демалыс сәттерін тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Оқушы әрекет үстінде өзін-өзі еркін ұстауға, қысылып-қымтырылмауға, басқалармен тіл табысуға, жолдастық, достық сезімінің оянуына мүмкіндік жасайды.
Ойынның негізгі мақсаты-баланы қызықтыра отырып білімді меңгерту болса, мұғалімнің міндеті-сол ойын түрлерін пайдалана отырып оқушылардың өздігімен жұмыс істей білуге, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге түрлі дағды мен шеберлікті меңгертуге қол жеткізу.
Оқушыларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу. Бұл төмендегі жұмыстар бойынша жүргізіледі:
а) дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім-тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет сөздерін оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану;
ә) көркем шығармаларды дидактикалық ойын түрінде беру арқылы оқушылардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке дұрыс көзқарасын қалыптастыру;
б) дидактикалық ойындар арқылы оқушыларға шешендік сөздерді үйретіп, олардың тіл мәдениетін жетілдіру керек.
Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық ойындары балалардың ой-өрісін қалыптастыратын, білгірлікке шындайтын бірден-бір құрал болып есептеледі. Ол балалардың бос уақытын көңілді өткізіп, денсаулықтарын шындай түсуімен бірге халықтың салт-дәстүрін, тілін дамытуға көмегін тигізеді.
Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. А. С. Макаренко: «Ойын - балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да, көбінесе, сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер, ең алдымен, тәрбиені ойын арқылы алады,»- деп балалар ойынын жоғары бағалаған.
Тиімді қолданылған ойын мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез серігіп, тапсырманы ықыластана әрі сапалы орындайтын болады.
Сабақта және сабақтан тыс уақытта қолданылатын ойындарды төмендегідей топтастыруға болады. Әрбір ойынның бала үшін білімділік мақсаты ғана емес, тәрбиелік, танымдық мақсаты зор.
Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:
- Ойынның мақсаты нақты және керекті көрнекіліктер мен материалдар күн ілгері дайындалып, оңтайлы жерге қою.
- Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібін оқушыларға әбден түсіндіру.
- Ойынға сыныптағы оқушылардың түгел қатысуын қамтамасыз ету.
- Ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
- Ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
- Ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай түрлендіріп пайдалану.
- Қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
- Міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау қажет.
Әр сабақта ойын түрлерін орынды қолданып, оны қызықты етіп өткізу арқылы бүлдіршіндердің оқуға деген ынта - ықыласын, пәнге қызығушылығын арттыруға болады. Ойын баласы сабақта зерігіп, шаршаған кезде қолданылатын ойынның бір түрі «сергіту сәті» Сабақта сергіту сәтін оқушының шаршағанын басу үшін ғана емес, оның тәрбиелік мәніне де назар аудару қажет. Мысалы: « Ұзын құлақ, сұр қоян». Немесе, дене қимылдарына қатысты сергіту ойындары: «Әй, шымыжық, шымыжық»
Сондай - ақ, меңгерілген тақырыпты иә болмаса, жаңа сөзді бекіту мақсатында әуенмен ауаға жазу арқылы да байланыстыра аламыз. Түрлі би қимылдары арқылы да сергіту сәтін жандандыруға болады. Мысалы:«Шөжелерім», «Әйгөлек». «Қаражорға»
Бастауыш сынып оқушыларын ойната отырып, ойландырып, балаға тәрбиелік мәні зор ойындар арқылы дамытуға болады. Бұл кезде жақсы оқушы дамып, нашар оқушы қалып қоймайды. Жақсы оқушы мүмкіндігіне дейін дамып, нашар оқитын оқушы өз мүмкіндігінше іс - шараларға араласып, өз үлесін қосып отырады.
Қорыта айтқанда, кез - келген ойын түрлерін сабақта ойнатқанда оқушыларда әрекет пайда болады, дүниетанымы кеңейеді. Сөйтіп оқушы ой - өрісін ойын арқылы дамытады.
Соңғы нәтижеде ойнай отырып, білім көрсеткішіне өз үлесін қосады. Артта қалған, жасық мектептен қорқатын, оқуға енжер, күшпен оқитын оқушы болмайды. Керісінше, баланың өмірі, қоршаған ортаны танып білу, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.Ойындар - оқушылардың сабаққа белсенділігін, қызығушылығын арттырады, шығармашылық қабілетін ұштайды.
В. А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімін, өзін қоршаған дүние туралы ұштастырады. Білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»,- деген екен.