ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗДЕРДIҢ ТIРКЕСIМДIЛIГI
№151 жалпы білім беретін
мектептің қазақ тілі мұғалімі
Уразова Халиса
8 А сынып оқушысы
Маметова Дильназ Пархатовна
Дербес лексикалық мағынаға ие кем дегенде екi сөздiң грамматикалық жақтан байланысқан тобын сөз тiркесi деп атаймыз. Сөз тiркесi құрамындағы сөздердiң байланысу ерекшелiктерiне қарай бiрнеше түрлерге бөлiнедi: еркiн тiркес, тұрақты тiркес, шектеулi (терминдiк) тiркес.
Қазiргi қазақ тiлі ғылымында сөз тiркесi терминi сөйлемнiң құрылыс материалы ретiнде қолданылатын еркiн тiркестердiң орнына жүредi.
Сөз тiркесiнiң ең басты қасиетi – «сөздердiң тiркесiмдiлiгi». «Сөздердiң тiркесiмдiлiгi» тiркес құрамындағы сөздердiң мағыналық және грамматикалық ерекшелiгiне негiзделедi. Жалпы тiл ғылымында кез-келген сөздердiң өзара тiркесе бермей, мағыналық жағынан орайлас, мәндес сөздердiң тiркесуi валенттiлiк теориясы тұрғысында зерттеледi.
Қазақ тiл бiлiмiнде сөздердiң тiркесiмдiлiгi тiркескен сөздердiң грамматикалық мағыналарымен тiкелей байланыстырыла қарастырылады. Сын есiм заттың сынын, сапасын бiлдiретiндiктен табиғатында зат есiммен тiркесуге, үстеулер қимылға тән нәрсенiң сапасын бiлдiретiндiктен етiстiктермен тiркесуге бейiмдi болатыны, сондай-ақ белгiлi бiр сөз табына енетiн сөздердiң грамматикалық жақтан мағыналық байланысқа түсуi басшылыққа алынады. Мысалы, етiстiктердiң iшiнен сабақты етiстiктердiң табыс септiгiндегi зат есiм не заттанған сөздермен тiркесiп келуiнен, салт етiстiктердiң жанама септiктермен тiркесiп келуiнен жасалған синтаксистiк тiркестер сөз тiркесi ретiнде танылады. Сөз тiркесi мәселесiне келгенде еркiн тiркестер жайы сөз болатыны белгiлi. Олар тiлiмiзде қандай қызмет атқаратынын анықтау үшiн тiлшi- ғалымдардың пiкiрiне сүйенсек, сөз тiркестерiнiң номинативтi мәнi болатындығына көз жеткiзуге болады.
Сөз тiркестерiн атаулық қызмет атқарады деп тану В. В. Виноградовтың еңбектерiнен басталады. Қазақ тiл ғылымында К.Аханов, Н.Ә.Нұрмахановалар сөз тiркесi номинативтi қызмет атқарады десе, М.Балақаев, Е. Ағманов, Ә.Аблақов, С.Исаевтар сөз тiркесiнiң бәрi емес, лексикалану процесiндегi сөз тiркестерi номинативтi қызмет атқарады деп түсiнедi.
Мысалы, социалистiк жарыс, партия оқуы, қант қызылшасы, қызыл бұрыш, темiр жол деген мысалдарға назар аударатын болсақ, олардың анықтауыштық қатынастағы тiркестерден өзiндiк ерекшелiгi бар екенiн көруге болады.
Тiлдiң негiзгi құрылыс материалы сөз екенi белгiлi. Сөздер бiр- бiрiмен грамматикалық қатынаста, семантикалық қатынаста байланысқа түсiп, тiл жүйесiн құрайды. Қазiргi қазақ тiлiнде сөздердiң байланысу жолдары сөз тiркесi ауқымында, құрмалас сөйлем сыңарларының байланысында немесе жай сөйлем iшiндегi жеке сөздер мен сөз тобының байланысы хақында сөз болып жүр [1. 585 б.].
Еркiн тiркестердiң зерттелуi синтаксис саласында қарастырылады. Еркiн тiркестердi қазіргі таңда синтаксистiк тiркестер, изафеттiк тiркестер, атаулық тiркестер деп өз ішінде бөліп қарауға болады. Еркiн тiркестер сөздiң iшкi түрiн анықтайтын семасиологиялық мағыналардың семантикалық ерекшелiктерi арқылы байланысады. Осы ерекшелiктерiне байланысты олардың құрамында синтагмалық қатынас пайда болады. Синтагмалық қатынас тiркескен сөздердiң мағыналық ерекшелiктерiне қарай екi түрлi болады. Семантикалық синтагма, грамматикалық синтагма. Семантикалық синтагма өз iшiнде екi түрлi валенттiлiк қасиетке ие (синтаксистiк валенттiлiк, семантикалық валенттiлiк) болады. Бұл еркiн тiркестердiң құрамындағы тiлдiк заңдылықтар. Осы заңдылықтардың нәтижесiнде еркiн тiркестер синтаксистiк тiркестер, атаулық тiркестер, изафеттiк тiркестер деп үшке бөлiнсе, синтаксистiк тiркестердiң өзi есiмдi тiркестер, етiстiктi тiркестер деп екi түрге бөлiнедi. Синтаксистiк тiркестердiң бұл түрi мен III изафетте семантикалық синтагма да, грамматикалық синтагма да қатысты болады және сөйлем iшiндегi сөздердiң валенттiлiгi қасиетiне ие болады. Олар тiлде синтаксистiк қызмет атқарады. Атаулық тiркестер мен II изафет семантикалық синтагмада жұмсалады. Семантикалық валенттiлiкке түсудiң нәтижесiнде атауыштық қызмет атқарады. Сөз тiркесiнiң атауыштық мәнi тiлiмiздегi жаңа лексикалық қолданыстардың, қоғамдық-саяси, қоғамдық әлеуметтiк лексиканың қалыптасуына негiз болады. Нәтижесiнде тiлiмiзде лексикалық тiркестер қалыптасады.
Сөз тiркесi атаулының бәрiне ортақ нәрсе – тiркес құрамында екiншi компоненттiң тiрек сыңар болуы.
Номинативтiлiк мәнде жұмсалатын сөз тiркестерiнде тiрек сыңар зат есiмнен болады. Зат есiмдер мағыналық жақтан да, логикалық жақтан да, ерекшеленiп тұрады. Зат есiмдер логикалық ұғымы жағынан қаншалықты бай болса, мағына айқындаушы семантикасы жағынан да соншалықты бай. Сондықтан олардың мағыналық жақтан даму қарқыны өсiп отырады. Синтаксистiк тәсiлмен байланысып, әр түрлi мағыналық қатынаста жұмсалады [2].
Синтаксистiк тәсiл тiркескен сөздердiң грамматикалық мағыналарына байланысты болады. Профессор Қ. Жұбанов: «Грамматиканың мақсаты – жалғыз-ақ сөздiң қандай мағыналары болатынын баяндау ғана емес, қандай формаларға қандай мағыналар сәйкес келетiнiн баяндап, дұрысы қандай мағына шығу үшiн сөздi қалайша құрастыру керек екендiгiн баяндау», - деген болатын [3, 220 б.]. Расында сөйлем iшiндегi сөздер тек грамматикалық жақтан ғана байланыспайды. Сөйлем құрамында келген сөздер әрi грамматикалық, әрi семантикалық құрылымға ие болады.
Бiрiншi, синтаксистiк қатынаста жұмсалу амалы, екiншi, семантикалық қатынаста жұмсалу амалы. Синтаксистiк қатынаста жұмсалатын сөз тiркестерiнде жаңа грамматикалық мағына пайда болады да, семантикалық қатынаста жұмсалатын сөз тiркестерiнде жаңа атауыштық мағына пайда болады. Жаңа грамматикалық мағына – сөйлем iшiндегi сөздердiң валенттiлiгi, грамматикалық синтагманың нәтижесi. Жаңа атауыштық мағына – сөйлем iшiндегi сөздердiң семантикалық валенттiлiгi, семантикалық синагманың нәтижесi. Синтагмалық байланысқа түскен тiркестер еркiн тiркестер болып табылады.
Әрбiр ғылым саласының басталу, жетiлу, даму кезеңдерi болады. Қазiргi тiл бiлiмiнде сөз тiркесiнiң даму қарқыны өте жоғары деңгейде. Сөз тiркесiнiң жүйелi тармақтары ажыратылып, iшкi заңдылықтары, атқаратын қызметi айқындалды. Сөз тiркесi тек сөйлемнiң құрылыс материалы ретiнде ғана жұмсалып қоймай, дербес сөздердiң эквивалентi ретiнде қолданысқа түстi. Атап айтқанда, лексикалық қолданысқа түскен түскен жаңа тiркестердiң пайда болуы, еркiн тiркестердiң лексикалануы, терминдiк тiркестердiң қалыптасуы «сөз тiркесi» деп аталатын синтаксистiк терминнiң жалпы линвистикалық терминге айналуына негiз болып отыр. Сөз тiркесiнiң зерттеу объектiсiн айқындауға сөйлемнiң құрылыс материалы болатын еркiн тiркестер ғана негiз бола алмайды. Сөйлемнiң құрылыс материалы болатын еркiн тiркестердiң өзiне ұқсас басқа тiркестерден айырмашылығын ажырату үшiн тiркес құрамындағы сөздердiң семантикалық жақтан үйлесiм табу жолдары мен грамматикалық жақтан байланысу ерекшелiктерiн ажырату керек. Осы тұрғыдан келгенде, сөз тiркесiнiң зерттеу объектiсiн профессор С.Исаев айтқандай жалпы үш топқа бөлiп қараймыз: еркiн тiркес, тұрақты тiркес, түйдектi тiркес. Синтаксистiң объектiсiне еркiн тiркестердi жатқызамыз. Қазiргi тiлдiң дамуы еркiн тiркестердiң өзiн өз iшiнде 3 топқа бөлуге бағыттап отыр: синтаксистiк тiркес, изафеттiк тiркес, атаулық тiркес. Тұрақты тiркестерге фразеологиялық тiркестi, шектеулi тiркестi; түйдектi тiркестерге негiзгi сөз бен көмекшi есiм, көмекшi етiстiктердiң тiркесуiн жатқызуға болады.
Қазiргi қазақ тiл ғылымында сөз тiркесi мәселесi әр қырынан зерттелуде. Синтаксистiк тiркесiмдiлiктi құрайтын синтаксистiк категорияларға тоқталғанда ол туралы ғалым Т.Сайрамбаев былай дейдi: 1. Сөздердiң өзара тiркесi арқылы: оның өзi iштей мына топтарға жiктеледi:
сабақтаса тiркесу арқылы;
салаласа тiркесу арқылы [4, 6 б.].
Олардың әрқайсысының өзiндiк ерекшелiктерi бар екенiн де ескертедi. Бұған саласа байланысқан сөздердiң тiркесiн де қосуға болады. Салаласа байланысқан тiркестердiң өзiндiк ерекшелiгiне тек сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiн ғана емес, есiмдi тiркестер, оның iшiнде әсiресе, қабыса байланысқан зат есiмдердiң даралау мағынасында жұмасалатын түрлерiн жатқызуға болады. Мысалы, Артқы партада Жомартбек деген ақ құба өңдi, ұзын бойлы, тыриған арық бала жiгiт отыратын (Ә.Н) деген сөйлемдегi бала жiгiт тiркесiн алайық. Бiр сөз табы арқылы жасалып, анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Ендеше, сабақтастық мән бар деген сөз. Сондықтан да оқу құралдарында бұл тiркестi синтаксистiк еркiн тiркес деп танимыз. Ал осы сөйлемнен бала жiгiт тiркесiнiң қай сыңарын алып тастасаңыз да сөйлемнiң құрылымдық жүйесiне еш нұқсан келмейдi. Салыстырыңыз:
Артқы партада Жомартбек деген ақ құба өңдi, ұзын бойлы, тыриған арық жiгiт отыратын (Ә.Н) бала сөзi қысқартылды. Артқы партада Жомартбек деген ақ құба өңдi, ұзын бойлы, тыриған арық бала отыратын ( Ә.Н) жiгiт сөзi қысқартылды.
Мұндай қасиет сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерiне де тән. Мысалы, Сарғайып қураған шөптер де, бұталар да, бұталардвң жапырақтары да жаңбыр суын жұтып жасаңқыраған сияқты (С.Сейф.) деген сөйлем iшiндегi бiрыңғай мүшелердiң қайсысын алып тастасақ та, сөйлемнiң грамматикалық құрылысына нұқсан келмейдi. Салыстырыңыз: Сарғайып қураған бұталар да, бұталардың жапырақтары да жаңбыр суын жұтып жасаңқыраған сияқты. Шөптер сөзiн қысқарттық. Сарғайып қураған бұталардвң жапырақтары да жаңбыр суын жұтып жасаңқыраған сияқты. Шөптер, бұталар сөздерi қысқарды. Бiрақ сөйлемнiң грамматикалық құрылымы өзгерiске түскен жоқ. Осы тұрғыдан келгенде салаласа байланысқан сөздер мен сабақтаса байланысқан сөздерге тән ортақ белгiлердiң бар екенiн ескеру керек сияқты. Сондай- ақ сын есiмдi, сан есiмдi тiркестерде де мұндай қасиет бар. Мысалы, Бiр қазақ қызының жүзiн көрiп қасында отырсақ, арманымыз болмас едi деп аңсайтын едiк бiз. ( Ә.Н) деген сөйлемдегi бiр қазақ қызы тiркесiндегi бiр сан есiмiн қысқартып тастасақ та сөйлем өзiнiң сөйлемдiк қасиетiн жоғалтпайды. Сол сияқты Қап-қара жiгiттiң бетi ала-бажалақ болып шыға келдi (Ә.Н) деген сөйлемнен қап-қара жiгiт тiркесiндегi қап-қара сын есiмiн алып тастасақ та солай болады. Бiрақ бұл тiркестiң бағыныңқы сыңарын алып тастағанмен, басыңқы сыңарын қысқартуға болмайды. Осы ерекшелiгi арқылы олардың құрамындағы сабақтастық мәндi ажыратып аламыз. Ендеше, сөйлем iшiндегi сөздер синтаксистiк қызметте тұрғандықтан оларға тән ортақ белгiлер болуы заңды құбылыс. Ортақ белгiсiне қарай синтаксистiк қызметте тұрған сөздердiң барлығын тiркес деп танып, салаласа байланысқан тiркестердiң өзiне тән ерекшелiгiн, сабақтаса байланысқан тiркестердiң өзiндiк ерекшелiгiн жiктеп көрсетуге болады. Салаласа байланысқан тiркестер тiлдiк үнемдеу заңына байланысты синтаксистегi эллипсистiк құбылысқа сәйкес байланысқан сөз тiркесi деп айтуға болады. Бұл жөнiнде проф. Б. Сағындықұлы: «Эллипсистiң тiлде көрiнiс беруiне контекст пен ситуацияның атқаратын рөлi зор екенi тұжырымдалады. Тiлдiк қоршаудың арқасында түсiрiлiп айтылған элементтердiң ғана емес, сөйлемнiң жалпы мағынасы, оның жеке мүшелерiнiң толық мәнi анықталады. Оқиғаның болып жатқан сәтi, дене қозғалысы, ым, белгi, тағы басқа экстролингвистикалық факторлар да эллипсистiң оңай түсiлуiне жағдай жасайды. Демек, коммуникативтiк бөлшектердi үнемдi жұмсау мақсатымен сөйлемнiң белгiлi бiр мүшесiн немесе бiрнеше мүшесiн саналы түрде айтпауға болады екен. Қысқа, дәл, анық айтуға тырысушылық, көп сөздiлiктен қашу – эллипсистiң басты принципi. Сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерi эллипсистiң қарапайым түрлерi болып табылады. Мысалы, Асан, Үсен және Асқар келдi дегендi толық айтатын болсақ, «Асан келдi», «Үсен келдi», «Асқар келдi» болар едi. Баяндауыштың бiр-ақ рет айтылуы сөйлемге жинақылық қалып бередi»,– дейдi. (5. 99-б) Расында, Асқар Үсен және Асан келдi деген сөйлемде келу iс- әрекетiн Асан да Үсен де, Асқар да орындайды. Әрбiр субъектiнiң өзiне тән қимыл iс- әрекетi бар. Сондықтан келген кiм? – Асан келдi. Келген кiм? – Асқар келдi. Келген кiм? –Үсен келдi түрiнде олардың әрқайсысы жеке- жеке предикаттық қасиетке ие. Субъектiге тән келу iс-әрекетiн бiлдiретiн процессуалдық мағына үшеуiне де ортақ болғандықтан коммуникативтiк бөлшектердi үнемдi жұмсау мақсатында бастауыштар өзара салаласа байлансу арқылы синтаксистiк қатынасқа түскен. Олай болса, салаласа байланысқан сөйлемнiң бiрыңғай мүшелерi белгiлi бiр коммуникативтiк қатынасқа негiзделген сөйлемдердiң құрамындағы синтаксистiк қатынастардың ықшамдалуы нәтижесiнде грамматикалық байланысқа түскен сөз тiркесi деп тануға болады. Салаласа байланысу сөйлемнiң құрамындағы сөздердiң синтаксистiк қызметiне байланысты дер едiк. Егер мағыналары тең дәрежеде тұрған сөздер жалғаусыз байланысса, онда олардың сөйлем құрамындағы синтаксистiк қатынасы салаластық сипатта болады. Сөйлем құрамындағы сөздердiң мағыналары тең дәрежеде болмаса олар сабақтастық қасиетке ие болады. Олай болса, синтаксистiк ерiн тiркестердiң өзiн салаласа байланысқан тiркестер, сабақтаса байланысқан тiркестер деп екiге бөлуге болады. Салаласты да, сабақтасты да тiркес деп тануға негiз болатын басты критерий сөйлем iшiндегi сөздердiң синтаксистiк қатынаста жұмсалуы. Тек салаласта үнемдеу заңына сәйкес сөздердiң бiр ғана синтаксистiк қатынасқа негiзделуi. Сабақтаста тiркес құрамындағы сөздердiң әр түрлi синтаксистiк қатынаста жұмсалуы.
Тiркесiмдiлiктiң негiзгi мәнi кемiнде екi элементтен тұратынын, соның негiзiнде ол тiлдiң әр саласынан орын алатын тiлдiк категориялар болатынын ғалым Т. Сайранбаев жоғарыда аталған еңбегiнде айтқан. Тiркесiм тiлдiң әр түрлi жақтарына қамти отырып, тiлдiк элементтердiң арасындағы қатынасты көрсетсе, тiркес тiлiмiздегi сөздердiң синтагмалық байланысқа түсуi. Сондықтан сөз тiркесi лексикология, сөзжасам, грамматикаға қатысты аралық категория болып табылады. Осыған орай, тiл ғылымының осы салаларының әрқайсысында тiркестiң түрлерi қалыптасады. Олар бiр-бiрiмен тығыз тығыз байланыста, бiрлiкте болады. Сондықтан олар бiр-бiрiне өте ұқсас болады. Олардың жiгiн ажырату сөз тiркесiнiң құрамындағы сөздердiң iшкi түрiн анықтайтын семантикалық мағыналардың байланысына және сөздердiң ономосиологиялық қызметiне қатысты. Байланысу амалына қарай лексикалық тiркеске зоологиялық, биологиялық, анатомиялық т.б. сияқты терминдiк атауларды бiлдiретiн сөздердi жатқызуға болады. Морфологиялық тiркеске етiстiктiң аналитикалық форманттары, негiзгi сөз бен көмекшi сөздердiң тiркесуiнен жасалған бiрлiктер жатады. Сөзжсамдық тiркеске фразеологиялық тiркестер мен күрделi сөздер жатады. Еркін тiркеске синтаксистiк тiркестер, изафет және атаулық тiркестер жатады. Тiл ғылымында сөз тiркесiн топтастыру мәселесi сөздердiң өзара тiркесу ерекшелiктерiне қарай анықталады. Сөз тiркесi құрамындағы сөздердiң қандай байланыс негiзiнде жасалғаны ескерiлiп, оны құрамына қарай топтастыруда жалаң сөз тiркесi, күрделi сөз тiркесi, аралас сөз тiркесi болып үшке бөлiндi. Жалаң сөз тiркесi екi, үш, төрт мүшелi болып, тiркес құрамындағы сөздердiң бәрi бiр-бiрiмен бiр формада байланысуы жатқызылды (Н. К Дмитриев., И.А. Батманов, А.Н Кононов.) Бiрқатар авторлар сөз тiркесiн сөйлем мүшелерiнiң ыңғайында қарастырды. Бұл да сөз тiркесiн топтастыруда басты белгi бола алмайды. Сөз тiркесiн топтастыру принциптерi оның зерттеу объектiсiмен және оның басты ерекшелiктерiмен анықталады. Сөз тiркесiнiң негiзгi зерттеу нысаны – сөздердiң өзара тiркесу қабiлетiмен байланысты болады. Синтаксистiң объектiсiнде сөз тiркесiнiң құрамы, мағыналары, атқаратын қызметi тiркес құрамындағы сөздердiң мағыналық ерекшелiктерi мен грамматикалық байланысқа түсуi жағынан анықталады. Синтаксистiк тiркестер сөйлемнiң құрылыс материалы ретiнде жұмсалады. Олардың құрамында синтагмалық байланыс тiркес құрамындағы сөздердiң iшкi мазмұнын анықтайтын семантикалық мағыналардың грамматикалық жақтан байланысу негiзiнде қалыптасады. Сөздiң iшкi түрiн анықтайтын мағыналарды семантикалық өрiс деп атауға болады. Олар негiзгi мағына, номинативтi мағына, категориалдық мағына, тура мағына деп аталатын когнитивтi семантиканың бiрлiгiнен тұрады. Осы семантикалық өрiстiң өзара байланысуынан еркiн тiркестер жасалады. Оларды тiркесу қабiлетiне қарай есiмдi және етiстiктi деп үлкен екi топқа бөлемiз. Есiмдi сөз тiркесi қабыса, матаса, меңгерiле байланысады, етiстiктi сөз тiркестерi жанаса (қабыса), меңгерiле байланысады.
Еркiн тiркестiң құрамында сөздердiң морфологиялық құрылысы әртүрлi болады: бағыныңқы сөз басыңқы сөздiң кейде семасиологиялық мағынасына үйлесе тұлғанады, кейде грамматикалық формасына сай тұлғаланады. Сол сияқты кiтапханадан шықтым, трамвайға мiндiк деген сөз тiркестерiнiң бағыныңқы сыңары шығыс, барыс жалғауларында тұр. Сол жалғауларды керек етiп тұрған басыңқы сыңардың қосымшалары.Қазақ тiлiнде бiрқатар сөз тiркесiнiң екi сыңары да морфологиялық тұлғарар арқылы байланысады. Мысалы, күннiң сәулесi, менiң кiтабым десек, iлiк септiктiң айтылуы басыңқы сыңардағы тәуелдiк жалғаудың айтылуымен тiкелей байланысты. Немесе керiсiнше. Сөз тiркестерi тiзбектелiп бiр-бiрiмен сатылана да байланысады. Мысалы, Студенттер қызық киноға бара жатыр едi деген сөйлемде сөз тiркестерi тiзбектеле байланысқан. Қызық кино–киноға бара жатыр едi.
Кейде сөз тiркесiнiң құрамындағы бiрнеше бағыныңқылар бiр басыңқыға ортақтасып тұрады. Мысалы, Кеше киноға тобымызбен бардық десек, киноға бардық, кеше бардық, тобымызбен бардық. Сөз тiркесiн құрауды зат есiм мен етiстiктiң қызметi ерекше болады. Олар көбiнесе сөз тiркесiнiң басыңқы сыңары болады да, сапалық есiмдер яғни сын есiм, сан есiм, есiмше, сiлтеу есiмдiктерi мен үстеулер елiктеуiш сөздер сөз тiркесiнiң бағыныңқы сыңары болады.
Қорыта келгенде, сөз тіркесінің синтаксистік категория екені анықталып, қазақ тіліндегі сөз тіркесімділігінің табиғатына шолу жасалды.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 498 б.
Ильясова Н.Ә Сөз тіркесі синтаксисі. – Алматы: «Полиграфия-сервис и К», 2008. – 270 б.
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы, 1999. – 581 б.
Сайрамбаев Т. Қазiргi қазақ тiлiндегi тiркесiмдiлiктiң кейбiр мәселелерi. – Алматы, 2004.
Сағындықов Б. Қазақ тiлi лексикасы дамуының этимологиялық негiздерi. – Алматы, 2005 .

Қазақ тіліндегі сөздердiң тiркесiмдiлiгi (28.61 KB)

