Инновациялық технологиялар - заман талабы
Оқу – танымдық құралы, ақпаратпен жұмыс. Білімді меңгеру оқу арқылы жүзеге асады. Тіл үйрену де дәл солай. Тыңдау, айту, оқу, жазу арқылы жаңа тілді меңгеруге жол ашылады. Осылардың ішінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруде оқудың рөліне аз-кем тоқталмақшымыз. Жасыратыны жоқ, көпшілік мұғалімдер қазақ тілі сабақтарында балалардың оқу техникасына көңіл бөлмейді. Оқу техникасы қалыптаспаған тіл меңгерушінің қандай да бір мәтінді дұрыс, түсініп, шапшан және мәнерлеп оқуы мүмкін емес. Сондықтан тілді оқытудың алғашқы кезеңінен бастап-ақ, мұғалім баланың қазақ тілінде дұрыс оқуын әрдайым қадағалап отырғаны жөн. Яғни оқу техникасын қалыптастыру- білім берудегі өзекті мәселелердің бірі.
Елбасы Н. Назарбаевтың: «Балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функциональдық сауатылығына зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды деген сөзін қазақ тілі мұғалімдері басшылыққа алғаны абзал. Сондай- ақ мемлекет басшысы, бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына көңіл бөлінбейтінін» қадап айтты.
Оқушының танымдық белсенділігі оның оқуға дайындығына, ақпаратқа деген қызығушылығына байланысты. Осы жағдайлар ескерілгенде ғана, дұрыс оқуға қол жеткізуге болады. Ал: «дұрыс оқу» дегеніміз не?
Дұрыс оқу- әр сынып көлімінде қандай да бір мәтінді саналы түрде түсініп,орфоэпиялық заңдылықтарды сақтай отырып, қатесіз, шапшаң, мәнерлеп оқу.
Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептің қазақ тілі мұғалімі ретінде өз тәжірибемде оқу техникасын қалыптастыруға қатысты келесі жұмыс түрлерін жүргіземін. Көбінесе ызыңды оқуға мән беремін. Ызынды оқу дегеніміз не? Бұл – жартылай дауыстап, хормен орындалатын оқу түрі. Мұндайда әркім өз мүмкіндігіне қарай, біреу тез, екіншісі баяу дегендей, түрліше оқитыны белгілі. Әйтсе де мұғалім оқушылардың оқуды бір мезгілде бастап, бір сәтте аяқтауын ескертуі қажет.Оқудың бұл түріне 5 минут бөліп, сабақ сайын өткіземін.
Оқу техникасын жетілдірудің келесі жолы- динамикалық оқу. «Динамика» - «өзгеру, қозғалу, даму» деген ұғымды білдіреді. Динамикалық оқуға мысал ретінде карточкамен жұмыстың мына бір түрін келтіруге болады.
Енді аздап оқудың буксирлі түріне тоқталып өтейін. Мен оқу қарқынын түрлендіре отырып, қатты дауыстап оқимын. Оқушылар да менен қалмай, қатты дауыстап оқиды. Одан әрі мен дауыстап оқуды жалғастырамын, ал балалар іштей оқиды. Мен тоқтаған кезде, оқушылар соңғы оқылған сөзді атайды.
Оқудың «құрыққа түсіру» деп аталатын түрі. Мәтінді мұғалім немесе оқу техникасы үздік оқушы оқиды, оқу барысында кейбір сөздерді синонимдермен алмастыру ұсынылады, Баламасын қате айтқан оқушы құрыққа ілікке боп саналады.
«Кім шапшаң?» оқуы баланың оқу жылдамдығын, оқуға қызығушылығын арттыруды көздейді. Мұны өткізудін бір тәсілін қысқаша баяндап өтейін.
Тақтада сөздер жазулы тұр, мәтін үстел үстінде жатыр. Белгі боынша оқушылар аталған сөзі бар сөйлемді мәтіннен іздестіреді: «Дәрігер- жауапты мамандық. Дәрігер болу үшін, медициналық оқу орнында білім алу керек. Дәрігерлер ақ халат киеді. Менің әкем- оташы (хирург), шешем- тіс дәрігері. Атам да дәрігер. Менің де дәрігер болғым келеді. Біздің отбасымыз дәрігерлер отбасы»
Мұндай мәтіннің, оның ішіндегі «мамандық», «дәрігер», «отбасы» сөздерінің бірнеше мәрте қайталануы, бір жағынан, оқушының сөздік қорының бекуіне ықпал етсе, екіншіден, есте сақтау қабілетінің дамуына көмектеседі.
XXI ғасыр - ақпараттар ғасыры. Ақпараттар ағыны мол қазіргі кезіңде көп ақпараттан оқушыларға қажеттісін, негізгісін тауып алуға баулимын. Кітапханаға барып , газет, журнал, кітаппен жұмыс істеуін, белгілі бір тақырыпқа ақпарат тауып, жазып әкелуін, сондай-ақ қызықты мәліметтерді ғаламтордан іздеп тауып әкелуін тапсырамын. Яғни оқуға қызықтурыдың алғышарты ақпаратпен жұмыс істей білу екенін ұғындырамын.
Шынында да, оқуға дағдылану үшін мәтінмен жұмыс жасай білу керек.
Бұл ретте Н. Оралбаева, К. Жақсылықова сынды әдіскер – ғалымдардың: «Оқушы тілін дамытуда мәтіндердің атқаратын қызмет өте күшті. Мәтін оқушыға білім береді, мәтін – оқушыны оқуға үйрету құралы, ол ойын, тілін дамытады, тәрбиелейді, қазақша сөйлеуге үйретеді» деген пайымын жадымызда ұстағанымыз жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Н. Назарбаев Қазақстан -2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауы , 2012ж
Н.Назарбаев. Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам бағдарламалық мақаласы, 2012ж
Г.Ж. Тұрдағалиева. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі. Астана, 2007ж, 60-бет
Н. Оралбаева, К. Жақсылықова. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі Алматы, 1996ж, 114-бет


Инновационные технологии (17.23 KB)

