Меню
Разработки
Разработки  /  Всеобщая история  /  Классные часы  /  10 класс  /  Урок - лекция на тему "Идеи Алашординцев"

Урок - лекция на тему "Идеи Алашординцев"

Информация позволит учащимся дать характеристику партийных отношений в России начала 20 века
12.03.2020

Содержимое разработки

Әлихан Бөкейхан және Алаш идеясы

Нұрбеков А.Н.

ҚМТУ-і 1 курс студенті

Ғылыми жетекші Сағатова А.С.

Фс.ғ.к., доцент



«Қазақстан – 2050» стратегиясының коғамдық дамудың жаңа белесіндегі негізгі мәселесі - ел болашағының дүниетанымдық жаңа үлгісін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындауды мақсат еткен. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2014 жылғы халыққа Жолдауында Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жариялады. Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналды. Оны Елбасы өзінің жария еткен 2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауында да: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» – дей келе, тарихтың мәдениет пен тілдің ортақтығын, жаңа Қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатқандығын ерекше атап көрсеткен болатын. Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел – Патриоттық актісі» арнасында қуатты елдіктің терең идеясы іс жүзінде және ресми құжат түрінде көрініс берді [1].

Ұлт зиялыларының XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күресе отырып, қазақ халқының болашақта алдыңғы қатарлы ел болып қалыптасуының жолдарын іздестірді және халықты білім мен ғылымға, озық шаруашылық ұйымдастыруға шақырады. Алаш зиялылары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, С.Сәдуақасов, М.Дулатов және т.б. шығармаларында қазақ жері мен елінің тәуелсіздігі бабалар дәстүрі негіздеген ұстанымдары мен көзқарастары жан-жақты сараланған. Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде жаңа деңгейде Әлихан Бөкейханов ұсынған «Алаш» идеясы XX ғасырдың басында зор нәтижеге қол жеткізді. Өйткені бұл тарихи сәт отарлықта отырған қазақтың ұлт болып қалыптасқанын аңғартқан «Алаш» идеясы сабақтастықта келе жатқан «Мәңгілік Ел» идеясының көрінісі болды. «Алаш» идеясы ұлттық бірлік пен бірегейліктің туы ретінде 1930 жылдардың соңына дейін салтанат құрып тұрды.

XX ғасыр басындағы Алаш зиялыларының ғылыми-публицисткалық шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі іс жүзінде қазақ халқының ұлттық-сана сезімінің оянып, Алаш ұлттық идеясының маңайына бірігіп, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізгені сөзсіз. Мысалға, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов атты зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «Олар мәдени ренессанс», яғни «мәдени төңкеріс жасады» деген баға берді [2,42 б.].

Алты Алаш көсемі Әлихан ұлттық тәуелсіздік алуды сонау 1917 жылы-ақ нақты жоспарлап, Алаш-қазақ елін 20-25 жылда әлемнің жетекші елінің біріне айналдыру мақсатын көздеді. Жалпы «Алаш» идеясын Жапонияны 21 жылда артта қалған аграрлық елден әлемнің ең қуатты мемлекетіне айналдырған Мэйдзи бағдарламасының қазақша баламасы болатын. Әлихан жапондармен қатар Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін өз еліне қаз қалпында орнатпай, халқының өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрінің негізін сақтап, «мәдени ренессанс» жасады. «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той, - деп қазақтың таяу арада ұлттық тәуелсіздік алатынына зор сеніммен жазды Әлихан 1917 жылдың тамызындағы «Қазақ депутаттары» айдарлы мақаласында,- Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» [3, 3 б.].

XX ғасырдың 1905-1917 жылдарында Әлихан қазақты «Алаш» идеясы мен туының астына жинап, біртұтас алаш-қазақ ұлтын қалыптастырды, қазіргі қазақ ұлтының атасы болды деген пікірлер асыра айтылмаса керек-ті. Мысалға, көрнекті Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты очеркінде мынадай пікір жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» [ 4, 67 б.].

Студент кезінде марксизм идеясымен әуестеніп терең меңгерген Әлихан қазақтың жер-суын, тұрмыс тіршілігін, шаруашылығын зерттеп, төрт түлік малын есепке алған 1896-1901 жылдар аралығындағы «Щербина экспедициясы» мен Сібір темір жолы бойындағы қазақтың мал шаруашылығын, қазақтың ірі қара малы мен қой тұқымдарын және санын зерттеген 1902-1903 жылдардағы «Швецов экспедициясының» жұмысына қызу атсалысты. Осы ғылыми жұмыстарынан кейін Әлихан қазақ қоғамын төл мәдениетінің ерекшелігі, әлеуметтік құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысынан да тап-тапқа – еңбекші және капиталист-буржуаға бөлу тұрмақ, шаруа және феодал, яғни езуші және езілуші таптар деп жіктеуге болмайтынына көз жеткізіп, марксизммен біржола қош айтысты. 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде атап көрсеткендей, өзі тәрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бастап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды. Осы мақсатқа ол мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бір табан жақын жапондардың әйгілі «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесін ден қоя зерттеді.

Әлиханның «Мэйдзи жаңғыруы» тәжірибесін өз елінде өзгеріссіз қолданғысы келмеуінің тағы екі сыры бар-ды. Біріншісі, Алты Алаш көсемі қазақ пен жапон салт-дәстүр, мәдениеттерінің ұстанған шаруашылықтарының өзіндік, қайталанбас ерекшеліктерін ескерді. Екіншісі – Жапония монархиялық билікті сақтап қалды. Ал Әлихан Бөкейхан саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Әлихан өзімен бірге Алаш автономиясының төрағалығына II Думаның депутаты Бақыткерей Құлманұлы мен заңгер Айдархан Тұрлыбайұлының дауысқа түскенін қалап, шынайы демократиялық сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткені мәлім. Әлихан Бөкейханның бұл әрекетінен Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады [ 5, 3 б.].

Әлихан Бөкейхан Алашты автономия деп жариялағанымен, қазақтың таяу болашақта толық тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтірмеді. Оны «Жалпы Сібір съезі» мақаласындағы мына жолдарынан көреміз: «Қазақ ұлты... Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері, біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады деп. Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп» [6, 111 б.].

Бұл жерде Алаш көсемінің «зор мемлекет» деп отаршыл Ресей империясын айтып отырғаны түсінікті болса керек. Әлихан қазақтың Ресейден бөліну мүмкіндігін айтпағанда, тіпті оның құрамында ұлттық автономия алуына да енді тіпті орыс демократтарының қарсылығына тап болатынын жақсы сезді.

Әлихан – қазақтың ұлттық мемлекеттігінің шаңырағын қайта көтеріп, бүгінгі тәуелсіздіктің мызғымас негізін қалап кеткен тарихи тұлға. Әлихан – Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы жарияланған 1917 жылдың 13 желтоқсанындағы тарихты жасаушы тарихи тұлға. Әлихан – тарихты жасаушы ірі тұлға. Ал Әлихан мен Алаш идеясы – синонимдер.

2015 жылдың 15 қарашасында Париж қаласынан ЮНЕСКО-ның 38-і басты конференциясы өзінің жұмысын аяқтап, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына өзінің қатысатынын қолдады. Сонымен «Алаш» партиясының, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшысының мерейтойы халықаралық деңгейде өткізілуі туралы қуанышты хабар жетті. Әлихан Бөкейханның сөзсіз үлкен және сан қырлы еңбегін қазіргі Қазақстанның ғана емес бүкіл Орталық Азия елдері және халықаралық қауымдастық мойындады. Қуанышты хабар ұлы қайраткердің ұрпақтары және әрбір қазақстандық патриоттар үшін аса маңызды оқиға болды. Жер-жерде, Отанында, шет елдерде үлкен қуанышпен атап өтілді. 2016 жылы 5 наурызда Мәскеу қаласында «Қазақ көгіндегі күн – Әлихан Бөкейхан» атты дөңгелек үстел өтті. Анкарада түрік ағайындар ұлы қайраткерге арнап ғылыми конференция өткізді. Астана қаласында «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қарағанды Мемлекеттік Университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстан» атты студенттер арасында жас зерттеушілердің II құрылтайын өткізді. Осы шарада үздік шығып, I орынға ие болдым. Бұл мен үшін Әлихан Бөкейханның ұрпағы ретінде, патриот ретінде үлкен мәртебе болды. 2016 жылдың 5 наурызында Әлихан Бөкейханның туған жерінде Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында «Жас Әлихандар форумы» өтіп, сол форумда үндеу қабылдау құрметі - ұрпағы ретінде маған берілді. Біріншіден, «Жас Әлихандар» форумына қатысу мен үшін үлкен құрмет мәртебе. Екіншіден, бар ғұмырын ұлтының болашақ бақыты үшін «жаным-арымның садағасы»-деп бел шешіп күрескен, сол жолда бойындағы күш қайраты мен ақыл ойын, білім парасатын аянбаған ақылман азамат, көрнекті дара тұлға Әлихан Бөкейхан осыдан 150 жыл бұрын жаһандық өркениетте өзіндік орны бар, шығыстан батысқа көсілген ұлы дала, ұлы бел Сарыарқаның шалқар төрі, Ақтоғай топырағында өмірге келді. Жалпы Алаш жұртына тұтқа болған, қазақ халқының маңдайына туа біткен кесек тұлға Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның жалғыз қарындасы Нұрбегімнің қолында өскен, менің анамның әкесі Жақсылықтың тұңғыш немересі боламын. Қазақ халқы ырымшыл келеді. 1998 жылы қазан айында өмірге келгенімде, ата-анам есімімді азан шақырып Әлихан қоюына Әлихан Бөкейханның жарқын бейнесі себеп болатын. Осы есімге кір келтірмей жүру мен үшін оңай еместігін есейе келе түсініп келемін. Себебі, Әлиханның есіміне кір келтіру, мен үшін жалпы Алаш жұртшылығына кір келтірумен тең деп санаймын. Әлекеңнің мерейтойымен қоса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының тұспа-тұс келуінің үлкен сабақтастығы, тарихи астары бар. Әлихан мен Тәуелсіздік ұғымын бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес. Себебі, Тәуелсіздік – елдің ең биік тұғыры. Тәуелсіздікті XX ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың зиялы қауымы алдарына ұлы мұрат ретінде қойды. Сол тәуелсіздік үшін барлық өмірін сарп етті. Тәуелсіздік үшін күресті. Ғасырдың басында күн тәртібіне қойылып отырған өзекті мәселелер – тәуелсіздік, кәсіпқой парламент, ана тілін жандандыру Әлихан Бөкейханның еңбектерінде, жоспарларында кеңінен талқыланды. Қазақтың XX ғасырдың басындағы тарихын Әлихан Бөкейхансыз елестету мүмкін емес. Ол – ұлттық көшбасшы. Әлихантанушы, ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда, латынамерикалықтар үшін Симон Боливар қандай құрметті болса, үнді халқы үшін Махатма Ганди қандай болса, түріктер үшін Кемал Ататүрк қандай құрметті болса, қазақ үшін Әлихан Бөкейхан сондай құрметті. Әлекеңнің асыл арманы, мұраты – қазақ елінің тәуелсіздігі еді. Әлиханның тәуелсіздігі – білімнің дамуы,ғылымның дамуы, қазақ қоғамының саяси дамуы. Әлихандай ұлы тұлғаның есімін арқалап жүрген соң Алаш серкесінің өзіндей болмаса да, сөзін түсінетін отансүйгіш патриот болу, тәуелсіз Қазақстанның дамуына және өркендеуіне үлес қосу басты міндетім деп санаймын.

Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бір тарамы осындай. Бұл идея мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен ешқашан түспейді. Қандай қиыншылық түссе де, Алаш идеясы баянды болсын, адал жаралған халқымыздың көсегесі көгерсін. Өмір күрес болса, ұлттық мұрат, мүддесі зор, рухы аспандай биік азаматтар қазақтан арылмасын. Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің Алаш мұраты әрбір істерінен анық көрінеді. Біріншіден, жол айқындалды: ол – ұлтты жаңғырту мен жаңаша серпілту. Екіншіден, тетік те байыпталды: ол – білім мен технология және Еуропаның батыл тәжірбесі. Үшіншіден, жауапкершілік те нақтыланды: ол – қайраткерлермен оқығандардың қоғам алдындағы миссиясы мен парызы. Яғни, Алаш қозғалысының болашағы ақылға, білімге, батылдыққа, жауапкершілікке байланысты еді. Бүгінгі тәуелсіздіктің кепілі де осы.

Алаш идеясы – ұлттық саяси-рухани серпілу. Оның қалыптасуы мен дамуында Әлихан Бөкейхан қадірлеген Нарманбет ақын айтқандай, «елдің миы мен жүрегі» бар. Тәуелсіздігіміз және Әлекеңнің идеясы тұғырлы болсын.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.А. «Қазақстан - 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 14.12.2012.

  2. Киргизы России до 1917: Букейханов, Дулатов, Байтурсынов, Рыскулов. - Англия. Оксфорд, 1985.

  3. Қыр баласы. Қазақ депутаттары // Құрастырған және алғы сөзін жазған Д.Қамзабекұлы // «Қазақ». Орынбор. № 235. 04.07.1917.

  4. Кемеңгерұлы Қ. Таңдамалы. - Алматы: Қазақстан, 1996. - 67 б.

  5. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы / Құрастырған С.Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2009. – 423 б.

  6. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат,1995. – 328 б.




-75%
Курсы повышения квалификации

Теоретические аспекты и методика преподавания курса «История государства и права зарубежных стран»

Продолжительность 72 часа
Документ: Удостоверение о повышении квалификации
4000 руб.
1000 руб.
Подробнее
Скачать разработку
Сохранить у себя:
Урок - лекция на тему "Идеи Алашординцев" (23.81 KB)

Комментарии 0

Чтобы добавить комментарий зарегистрируйтесь или на сайт