Күні:
Сыныбы: 5 «Б»
Тақырыбы: Ұлы Ерліктеріңе бас иеміз, Ардагер
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушыларға Ұлы Отан соғысы туралы, ел еркіндігін, бостандығын қанымен қорғаған қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстыру.
2. Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, ата - бабаларымыздың ерліктеріне сүйене отырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, оны қорғауға деген ой - өрісін дамыту.
3. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата - бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, үлгі - өнеге тұтуға баулу.
Көрнекілігі: Ұлы Отан туралы жазылған кітаптардан көрме, нақыл сөздер жазылған плакаттар. Ұлы Отан соғысы батырларының суреттерінен фото - монтаж, слайд.
Әнұран орындалады.
1 Жүргізуші Ағаби: Қайырлы күн! Құрметті ұстаздар, ата аналар және оқушылар!
2 Жүргізуші Наурызбек: Бүгінгі біздің « Ұлы Ерліктеріңе бас иеміз, Ардагер!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1 Жүргізуші Ағаби: Бүгінгі жеңіс күні қарсаңында қан майданда ерлігімен, еңбегімен елімізге бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың рухына бас иіп, еске аламыз.
2 Жүргізуші Наурызбек: Жау келгенде қолға қару алып дұшпанға қарсы шыққан, бейбіт өмірмен қауышқанда қираған шаруашылықты қалпына келтіруге ғұмырларын арнаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне біз мәңгі қарыздармыз.
1 Жүргізуші Ағаби:
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы ғасырдың, қай жылы.
Ұлы Отаным басымды иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны. (Бір минут үнсіздік)
2 Жүргізуші Наурызбек:
Аңыздардан тере жүріп мақсаты
Рас, рас көзімізден жасақты,
Бірақ сол дауыл жылдар, от жылдар
Бәрімізден бір - бір батыр жасапты.
Көрініс «Бейбіт өмір».
(Ауыл өмірі. «Желсіз түнде жарық ай» әні ойнап тұрады. Сахнада 10 шақты ауыл жастары қыдырыстап жүр)
1 – жігіт Алишер: Оу, қыздар, жігіттер, бұл не тұрыс? Көңілімізді көтеріп, Абай атамыздың бір әнін шырқасақ қайтеді?!
1 – қыз Дана: Дұрыс айтасың. Айтсақ айтайық.
(Осы кезде «Желсіз түнде жарық ай» әні басталып айтылады, қалғандары қосылады. Ән аяқтала бергенде күн райы бұзылып, күн күркірейді.
Радиодан дауыс естіледі.)
Радио дауысы: Тыңдаңыздар! тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1941 жылы 22 - маусымда фашистік Германия тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кірді.
(Осы дауыс естіліп тұрғанда ауыл адамдары жинала бастайды. Сахнадағы адамдар тып - тыныш бола қалады.
1 – келіншек Амина: «Соғыс, соғыс» дейді, естідіңдер ме?
2 – келіншек Альбина: Сұмдық – ай, соғыс дей ме? Енді қайттік? Күніміз не болар екен?
Жылап - сықтау басталады.
1 – келіншек Амина: Қойыңдар, жамандық шақырмаңдар! Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?!
1 – азамат Нұрсұлтан: Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер, - деген бар емес пе?!
Жыламаңдар! Көз жастарыңды тыйыңдар!
2 – азамат Ғалымжан: «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген дана халқымыз. Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр.
1 – азамат Нұрсұлтан: Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз! Ендеше Отан үшін аттанайық!
Барлығы: Отан үшін аттанайық.
Ұлы Отан соғыс туралы кино көрсетіледі.
Сахнаға екі жүргізуші шығады:
(Осы кезде Мұқағали Мақатаевтың Соғыс деген өлеңі қосылады.)
1 Жүргізуші Ағаби: 1941 жылы 22 - маусым күні таңғы сағат 4 - те бейбіт елімізге Фашистік Германия тұтқиылдан опасыздықпен соғыс ашты. Суық хабар сол сәтте - ақ кең байтақ елімізге, жер - жерлердегі ауыл селоларға тарады.
2 Жүргізуші Наурызбек: Отанымызға қатерлі күн туды. Мөлдір аспанды қара бұлт торлады, шаттық әні қайғылы үнге, нұрлы күнді қара күнге айналдырды. Отанымызды қорғау үшін еліміздің көптеген ер азаматтары, қаракөз қыздары майданға аттанды.
1 Жүргізуші Ағаби: Аждаһадай айбарлы жаумен айқасу үшін Маңғыстау түбегінен алты мыңнан астам азамат аттанған. Сол боздақтардың төрт мыңдайы от ортасынан оралмай қалды. Соғыс салған сойқан ішінде із-түзсіз кеткендері қаншама!
2 Жүргізуші Наурызбек: Маңғыстау топырағынан майданға аттанғандар арасында есімдері беймәлім қалған ерлер болғанына күмән жоқ. Бірақ Ұлы Отан соғысының тарихынан лайықты орын алған Маңғыстаулық батырларымызды атасақ, олар Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Исатай Сүйеубаев, Біләл Қалиев.
1 – оқушы Ернұр: Мәди Бегенов 1916 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Ақжігіт деген жерде дүниеге келген. Мәди орталау мектепті ғана бітірген. Әкеден 12 жасында айырылып еңбекке араласа бастайды. 1938 жылы күзде әскерге алынып, 1939 жылы Балтық жағалауында әскери борышын өтеп жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысады.
Ол Сталинград, Курск маңындағы ұрыстарға қатысып, кейін 203 – ші атқыштар дивизиясына ауысады да, барлаушылар бөлімшесінің командирі болады. 1943 жылы 22 қыркүйекте Днепр жағалауында өткен шайқаста Мәди бір өзі жаудың жеті солдатын, бір унтер-офицерін жер жастандырады. 1944 жылы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша аға сержант Бегеновке Днепрден өтерде көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бейнеу ауданында батырдың атында мектеп бар.
2 – оқушы Алдияр: Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы Кетік яғни(Форт Шевченко) қаласында дүниеге келген. Ол еңбек жолын колхозда тракторшы болудан бастаған. Соғыстың алғашқы жылдарында майдандағы 7- ші гвардиялық атты әскер корпусында жаумен шайқасқан. Жұмағали Орел, Курск, Белгорд, Харьков үшін шайқастарды артқа тастап, ерлік істер тындырған. 1943 жылы қыркүйек айында Днепрден өтер тұста жаудың пулеметтен тынымсыз оқ жаудырғанына қарамастан Қалдықараев бастаған жігіттер өзеннен өтуге кірісті. Өзеннің үштен екісінен өткен тұста жау снарядтары қардай борайды. Осындай ерен ерлігімен қаза тапқан. Днепрден өтердегі ерлігі үшін оған Кеңестер Одағының Батыры атағы беріледі. Бірақ бұл награданы алу оған бұйырмайды.
3 – оқушы Амина: Исатай Сүйеубаев 1913 жылы Маңғыстау ауданы Тиген жерінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында ерлік жасаған даңқты жауынгер. 1942 жылдың тамыз айында Армия қатарына шақырылған. Ақпан айында Сталинград майданындағы 21-армияның 292-атқыштар дивизиясының 1036-полкының автоматшылар ротасында болды. 1942 жылдың 22 қарашада басталған Сталинград түбіндегі қарсы шабуылда танк десантшылары құрамында жау шебін бұзу ұрысына қатысады. Осы ұрыста жаудың 182 солдатын 7 бекінісін жояды. Жараланғанына қарамастан ұрыс даласын тастамайды. Исатай осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Бірақ белгісіз себептермен Батыр атағы берілмей, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылы 14 ақпандағы жарлығымен Ленин ордені берілді. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов інісіне отты өлең жолдарын арнаған. Исатай 1947 жылы 16 қыркүйекте Астарханға бара жатып қайғылы қазаға ұшырайды. 1993 жылы жазда жерлестері ағайын-туғандары батырдың сүйегін ата қауымы Тигенге, анасының қасына әкеліп құрметпен жерлеген.
1994 жылы Маңғыстаудың ер ұлы Исатайдың зираты басына күмбезді кесене тұрғызылады.
4 – оқушы Бекболат: Маңғыстаудың бір перзенті – Біләл Қалиев. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Ол 1941 жылы 7 тамызда құрамында 16 ұшағы бар эскадрилья полкіндегі Преображенскийдің бастауымен Берлинді бұрғылай ұшып, 1760 шақырым шалғай жол кешіп, әскери тапсырманы бұлжытпай орындап, өз базасына аман-есен оралған. Сөйтіп, Біләл Қалиевке әуе шабуылында көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі үшін 1941 жылы Батыр атағы берілді. Бұл ерлігі туралы мағлұмат елге кезінде жетпеген. 1942 жылы14 шілдеде Липецкі аспанында күші басым жаумен шайқаста ерлікпен қаза болған туралы қарақағаз келген.
1 Жүргізуші Ағаби: 5 «Б» сынып оқушыларының орындауында Хор.
2 Жүргізуші Наурызбек: Отанымызды қасық қанымен, албырт жанымен қорғаған аты аңызға айналған батырларымыздың ерліктері тарихта мәңгілік сақталып қалды. Кеңес Одағы Батыры атағын алғандар:
1 Жүргізуші Ағаби: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов,
2 Жүргізуші Наурызбек: Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова,
1 Жүргізуші Ағаби: Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров.
5 – оқушы Алихан: Бауыржан Момышұлы 1910 - жылы 24 желтоқсан Жамбыл облысы, Көлбастау ауылында момын шаруа отбасында дүниеге келген. Кеңес жазушысы 1942 - жылдан бері КПСС мүшесі. Даңқты жауынгер, гвардия полковнигі, хатшы, аты аңызға айналған батыр. Президент жарлығымен қаһарман атанды.
6 – оқушы Әбілхан: Бауыржан Момышұлы - қара басы,
Халқымыздың болған адам садағасы.
Бауыржан Момышұлы – қазақ деген,
Ғаламат ұлы сөздің баламасы.
Халқындай ол да бағлан, ол да батыр
Халқындай ол да кеніш, ол да тақыл.
Қайыспас қара емендей қайран ерді,
Халқына теңеу мәні сонда жатыр.
7 – оқушы Ғалымжан: Әлия Молдағұлова 1924 - жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында дүниеге келді. 2 жасында жетім қалып, Әубәкір ағасы тәрбиесінде болды. Содан кейін Санкт-Петербург қаласында балалар үйінде тәрбиеленді. 19-ға толмаған 1943 - жылы Кеңес Одағы батыры атағын алды.
8 – оқушы Алишер: Даламыздың даңқысың,
Балауса гүл Әлия!
Шоқ жұлдыздай жарқырап,
Ағып түскен Әлия!
Мәңгі жасап жерде енді,
Биіксің сен Әлия!
Саған деген еліңнің,
Көңілі шексіз дария.
9 – оқушы Аружан: Мәншүк Мәметова 1922 - жылы 8 - қазан Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауылында дүниеге келді. Әкесі Ахмет - дәрігер. Мәншүк дәрігер боламын деген. 1943 - жылы 15 - қазанда қаза тапты. 21 - жасында Кеңес Одағы батыры болды.
10 – оқушы Дария: Қыр қызы орындады берген антын,
Халқына адал болу ердің салты.
Ел үшін қасық қанын аямаған,
Жүректе мәңгі өшпейді Мәншүк аты.
Ай өтпек, жылдар өтпек, ғасыр өтпек
Жеңіспен майдан бітіп, жас ер жетпек.
Ерлігі ел жүрегін тебіренткен,
Ұрпаққа үлгі болып Мәншүк кетпек.
2 Жүргізуші Наурызбек: 5 «Б» сынып оқушыларының орындауында Хор. « Әлия» әні.
11 – оқушы Інжу: Мен соғысты жек көремін
Бомба... Жарылыс... Атыс... Қан... Көз жасы... Өлім... Жауыздық... Қорқыныш... Осы сөздерді айтқанда денең түршігеді, себебі бұлар соғыс көріністері. Соғыстың адамзат баласына әкелген қайғы-қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сұм соғыстың кесірінен қаншама адам қаза тауып, бейкүнә сәбилер жетім қалды.
12 – оқушы Рысты: Білеміз сұм соғыстың кезеңдерін,
Сел болып аққан қанның өздерін.
Елімді, Отанымды олжалауға,
Жау оғы жан ұшырып кезенгенін.
Көтердік сол соғыстың зардаптарын,
Қайғылы, қатерлі кез салмақтарын.
Елімнің бақыты үшін шеит болған,
Аяулы ардагерлер, саңлақтарым.
Болса да жер шарының кеңестігі
Оңай бізге келген жоқ Жеңіс күні
Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп,
Тылда да еңбегімен тер төккені.
13 оқушы Айман: Жатқанда отан жері отқа жанып,
Тұрғанда туысқандар жауда қалып,
Жеңбесек , жойқын қайрат шығармасақ,
Жігіттің неге жүрміз атын алып?
Жеңеміз! Жеңіс - совет адамы аты.
Біздерміз азат етер адамзаты.
Сенемін Партияма, ер халқыма,
Қандай күшбұл дүниеден одан артты?!
14 – оқушы Шынарай: 69 жыл - үзілмеді құстар әні
Кетті енді сұм соғыстың қыспағы әрі
69 жыл - жауымыздың ажал оғы
Біздің ел үстіменен ұшпағалы.
15 - оқушы Жанель: Ұлы жеңіс күні құтты болсын!!!
Ұлы жеңіс күні құтты болсын! Тарихымызда қалған бұл сұрапыл соғыстың кеселінен өткен ата-апаларымыз аман болсын! Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!
16 – оқушы Томирис: 69 - жыл бейбіт көктем таң атқалы,
69 - жыл шуақты күн таратты әнін.
Есімде содан бері 69 рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.
17 – оқушы Мадина: Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
1 Жүргізуші Ағаби: Сыныбымыздың скрипкашы қызы Қабылова Әминаның орындауында «ИЛИГАЙ». Қарсы алыңыздар!
2 Жүргізуші Наурызбек: 5 «Б» сынып қыздарының орындауында Ролли Полли биі. Қарсы алыңыздар!
1 Жүргізуші Ағаби: 5 «Б» сынып оқушыларының орындауында Хор.
2 Жүргізуші Наурызбек: Халқымыздың зердесіне 1945 –ші жылдың 9 – шы Мамыры мәңгілік сақталады, ғасырлар бойы ұмытылмайды.
1 Жүргізуші Ағаби: Себебі бұл - Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталған күні.
2 Жүргізуші Наурызбек: Иә, бұл Жеңіс күні.
1 Жүргізуші Ағаби: Жеңіс мерекесі – бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымының мерекесі.
2 Жүргізуші Наурызбек: Жеңіс мерекесі – фашизмді талқандаған бүкіл Кеңес халқының мерекесі.
1 Жүргізуші Ағаби: Жеңіс мерекесі – әрбір төртінші азаматын соғысқа аттандырған бүкіл қазақстандықтардың мерекесі.
2 Жүргізуші Наурызбек: Жеңіс мерекесі – жеңімпаз әкелер мен аға буынның және олардың ісін алға апаратын өскелең ұрпақтың мерекесі.
1 - 2Жүргізуші: Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!
1 Жүргізуші Ағаби: Осымен біз бүгінгі тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймыз.
1 - 2Жүргізуші: Қош сау болыңыздар!

Ұлы Ерліктеріне бас иеміз, Ардаргер! (23.2 KB)

