Төрт түлікті біліп ал!
Сабақтың мақсаты: 1. Қазақ тілі сабағында балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін тереңдету, оларды бір-бірінен ажыратуға, оларға қамқорлық жасауға әңгімені мұқият, зейін қойып, тыңдауға үйрету.
2. Үй жануарларына байланысты тақпақ, мақал-мәтелдерді қайталай отырып, сұрақ-жауап арқылы тіл байлығын дамыту мақсаты көзделеді.
3. Үй жануарлары мен төлдерін жақсы көруге, оларға қамқорлық етуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Сурет бойынша әңгіме, сұрақ-жауап, ойын, түсінік беру, жаттықтыру.
Көрнекіліктер: Үй жануарларының, төлдерінің суреттері, ойынға арналған суреттер.
Сөздік жұмыс: Төлдер, үй жануарлары, қой, түйе, жылқы, сиыр, ешкі, қошақан, құлыншақ, бұзау, лақ, қозы.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі.
Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі сабағымызды бір-бірімізге жақсы тілек айтудан бастайық! (балалар шеңбер жасап тұрады)
Армысың, Аспан әлемі!
Армысың, мейірімді Жер-ана!
Армысыңдар ма менің достарым,
Сендерді көрсем, қуанам!
Мұғалім: Ал, балалар, бір-бірімізге жылы жүзбен қарап, бойымыздағы жүрек жылуын сыйладық, күні бойы көңілді жүрсін деп мен сендерге «күлкі» сыйлаймын.
Мұғалім балаларға баланың күліп тұрған суретін таратады.
Кел, балалар, күлейік!
Күлкіменен түлейік.
Қабақ түйген не керек?
Көңілді болып жүрейік!
Мұғалім: Осы алған күш-қуатымызбен сабағымызды бастайық. (Балалар орындарына отырады).
-Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
-Қыс мезгілі.
-Қыс мезгілінде неше ай бар?
-Үш ай бар.
-Қалай аталады?
-Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
-Дұрыс айтасыңдар.
-Қане, балалар, ненің суретін көріп отырсыңдар?
-Жылқы, түйе, қой, сиыр.
-Дұрыс. Бүгін біз осы үй жануарлары арқылы тез, жүйрік жылқы сияқты нақты, толық жауап бере білейік. Алдымен тілге жаттығу жасап алайық.
Ыс-ыс-ыс – келіп қалды қыс.
Ой-ой-ой – қорада тұр қой.
Ай-ай-ай – жайылып жүр тай.
Ақ-ақ-ақ – ойнақтайды лақ.
Зы-зы-зы – секеңдейді қозы.
Мұғалім: Балалар, мынау – сиыр, ол бізге сүт береді, сүтінен қаймақ, айран, құрт жасалады. Мынау – жылқы, халқымыз жылқы малын өте бағалаған. Себебі мінсек – көлік, ішсе – сүт, қымыз, жесе – еті тамақ. Мынау – түйе, оның жүні өте пайдалы. Мынау – қой, етін жейміз, сүтін ішеміз, жүнінен көрпе жасайды. Иә, балалар бұлардың бәрін бір сөзбен – мал деп атаймыз. Ал, енді малдың төлдерін қалай атайды, шақырады.
Сиырдың төлі – бұзау. Сиырды «аухау-аухау» деп шақырады.
Жылқының төлі – құлын. Жылқыны «құрау-құрау» деп шақырады.
Түйенің төлі – ботақан. Түйені «көс-көс» деп шақырады.
Қойдың төлі – қошақан. Қойды «пұшайт-пұшайт» деп шақырады.
Ешкінің төлі – лақ. Ешкіні «шөре-шөре» деп шақырады.
Мұғалім: «Қай төл жоқ?» ойыны. (слайд)
Бәрекелді, өте жақсы, сендер үй жануарлары жайлы көп біледі
екенсіңдер.
Мұғалім: «Қамшы» ойыны. Қамшыны аталарымыз мал баққанда ұстайды. Үйге төрге іліп қояды. Бұл – жай қамшы емес, сиқырлы қамшы. Балалар жануарлар туралы тақпақтар білесіңдер ме?
Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секектеме, деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Әукім-әукім, әукешім,
Қасиыншы әукесін.
Енең, әне, келеді,
Ақ мамасын береді.
Қара көзің мөлдіреп,
Қызықтырмай қоймайды.
Жібек жүнін үлбіреп,
Қарасам көз тоймайды.
Құлыншағым – құндызым,
Құлдырайды, шабады.
Жылтылдаған жұлдызым,
Құстай қанат қағады.
Айналайын, торпақ,
Бола берме қорқақ.
Тысқа шық та, заула,
Тар болып тұр аула
Мұғалім: - Өте жақсы жауап бердіңдер. Ендеше, балалар, менің қолымдағы сиқырлы қамшы ойынды жалғастырамын. Енді мақал-мәтелдер білесіңдер ме дейді?
Қойдың сүті – қорғасын,
Қойды соққан оңбасын.
Мал өсірсең қой өсір,
Өнімі оның көл көсір.
Сиыр сипағанды білмейді...
Төлден мал өседі,
Шыбықтан тал өседі.
Жылқы – малдың патшасы.
Түйе – малдың қасқасы.
Сиырды теппейді,
Сүтті төкпейді.
Мұғалім: Өте жақсы жауап бердіңдер. Балалар, қорамызда көп мал болсын – деп, сергіту жаттығуын жасауға шақырамын.
Сергіту сәті:
Саусақ-саусақ қайда болдың?
Үй жануарларымен болдық!
Қымыз іштім.
Шұбат іштім.
Сүт іштім.
Айран іштім.
Ойнадым, ойнадым.
Үйге кеш қайттым.
Мұғалім: Ал, балалар біраз сергеп алдық, енді мен сендерге жұмбақ жасырамын, мұқият тыңдаңдар.
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар (түйе)
Басында таяғы бар,
Төрт аяғы бар.
Сегіз тұяғы бар,
Иегінде сақалы бар (ешкі)
Туа сап жүгіріп кеткен,
Енесін қуып жеткен (құлын)
Екі айнасы бар,
Екі найзасы бар,
Төрт сылдырмағы бар,
Екі шыбыртқысы бар (сиыр)
Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар (қой)
Шұнандап ойнап секірген.
Құйрығы келте шұнақ,
Оның аты - ..... (лақ)
Қамыс құлақ, тостаған тұяқ,
Мінсең қанат, сүті дәрі,
Еті тамақ. (жылқы)
Мұғалім: Жақсы балалар, тапқыр екенсіңдер, жұмбақтың да жауабын таптыңдар.
Келесі «Кім жылдам» ойыны. Суреттерді құрастырып, не бейнеленгенін айту. Мысалы: сиыр, оның төлі – бұзау, «аухау-аухау» деп шақырамыз.
Мұғалім: Бүгін сабақта үй жануарлары туралы білім алдық.
Балалар сендерге сабақ ұнады ма?
Барлықтарыңызға рақмет! Баршаңызға бейбітшілік, бақыт тілейміз!
Сау болыңыздар!
«Қошақаным» Әні

Төрт түлікті біліп ал! (52 KB)

