Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағаты
Мақсаты: Оқушыларға Ұлыстың ұлы Наурыз мерекесін тойлауы туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың
салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын үйрете отырып, «Наурыз» Қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакат, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, шарлар, суреттер.
Мұғалім: - Армысыздар, ұстаздар, ата – аналар, қонақтар! Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойымыз келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!
Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – біздің ата – бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз тойымыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын, тілектеріңіз қабыл болсын!
Әли: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата – аналар! Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі Ұлыстың ұлы – Наурыз
Мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі болғалы отырған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты
тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге
шаттық тілей отырып, мерекелі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз! Жаңа өмірдің қайта
басталатын күн есебінің басы, көктемнің көшбасшысы, қанатына маржан тағып қараторғай жеткенде
көктемнің алғашқы жаңбыры себелейді. Сіресіп жатқан қар еріп, көл – көсір су болып ағады. Өсімдік
ұйқыдан оянады, бәйшешек қаулайды. Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын
тойлайтын Ұлыстың ұлы күні келді. Той құтты болсын, ұлыс оң болсын!
- Мақсот Әселдің орындауында «Наурыз- көктем» әнін қабыл алыңыздар.
Жұлдыз: Күттіріп келген жыл басы
Бізбен бірге жырлашы.
Дастарханға елімнің,
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата – бабам тойлаған
Әз – Наурызым, армысың!
Темірлан: Уа халайық, халайық
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке бұл тойдың
Шашуларын шашайық!
/ ата-аналар арасынана апалар шашау шашты/
-Шашу, шашу
Көп шашайық шашуды
Уа, жамағат теріп ал несібіңді
Балғын: Армысың Наурыз,
Қуаныш боп, кір төрлет!
Ел болып саған,
Көрсетіп жатыр сый – құрмет!
Әділжан: Бауырласқа тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де
Бар дәстүр мен салтымыз.
Дәурен: Жыл басы - Наурыз, мереке!
Ақ нұрға әлем боянды
Наурыз тойы береке
Тіршілік жаңа оянды.
Айдын: Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын,
Әз Наурыз келіп еліме, Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр - салтымның көсілсін бұлақ жалғасып,
Қастерлі менің халқымның мереке Наурыз жыл басы!
- Смағұл Рауанның орындауында күй «Кеңес»
Әли: Ұлыс күні кәрі жас
Құшақтасып көріскен
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Сіздердің әділ істеріңіз
Ғасырлар бойы тынбайды.
Аңыз, дастан жырлардан,
Жастар оқып тынбайды.
Сая: Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса, Наурыз дәстүрлі.
Бақытыма шалқыдым,
Ашылады нұрымыз
Осынау байтақ елімде
Айтылады жырымыз
Рауан: Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің,
Басын қосқан сан адам сан ғұрыптың.
Ұлыстың ұлы күні паш етейік,
Белгісін достықпенен мәңгіліктің.
Жібек: Жүріңдер Наурыз тойға басып аяқ
Қалыс адам қалмасын некен – саяқ.
Ән шырқап, би билейік, қауым болып,
Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп.
Әлихан: Наурыз, наурыз наз үнді,
Жер жап – жасыл жаз үлгі.
Жақсылықты жаранға
Жайып келші, бар ізгі.
Нұрболсын: Қош келдің Наурызым Ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
Жұлдыз: Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәрімізде,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәрімізде.
Төрлетіңіз қадірменді қонақтар,
Гүл – гүл жайнап мына біздің төрімізге – деп ендігі кезекті Наурыздағы салт – дәстүрлерге берсек.
Сыныптағы Әкежан, Шыңғыс, Темірланның орындауында «Ата дәстүр» атты әнді қабыл алыңыздар.
Диас: Наурызкөк – Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсы шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады.
Сымбат: Наурызнама – шат – шадыман, ойын – сауық. Тойда ат – жарыс, түрлі ойындар өткізіліп, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада Қыз – жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол уыз, ет сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз – келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селтеткізер» деп атайды.
Азамат: Наурызша – Наурыз айында жұп – жұқа қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «Наурызша» деп атайды.
Асел: Наурыз – шыр айналған жылдың басы,
Адамның өлшенеді өмір жасы.
Қазақтың пейіліне жарасады,
Әр үйде дастарханға толған асы.
Нұр: Наурыз қайтып оралады, аты да аңыз,
Сұрамаймыз алғыста, ақы да біз.
Кең дастархан, даламның, сахнамыз,
Ұлы мейрам – Наурызға шақырамыз.
Жансая: Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа халайық.
- Оналқызы Балғынның орындауында «Мама» әні
Әли: Шығыстың күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен көктемгі мерекесі жыл сайын асыға күтетін жарқын үміт, жастық пен жаңару мерекесі, бүкіл әлемге береке, бақыт, бейбітшілік дарытатын Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз құтты болсын. Күншығыстың Наурызы келгенде Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, бәйшешек гүл атып, күннің көзі бүкіл әлемге нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңестіреді.
Алмас:Наурыз келді, көктем келді ағайын!
Жадырайды, жаңғырады маңдайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың!
Ақ әже Қазақтың бірнеше салт – дәстүрлері туралы айтып береді.
- /Ортаға сыныптың он ата-аналары шығады.Сұрақтар қойылып, оларға жауап беріледі/
Жаңа жылда Қыдыр ата үйге кірсе, ол үй ауру – сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға адамдар үйін тазартып қоятын болған. 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды деген аңыз бар. Осыған сенген халық дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қояды.
Айжан:
Наурыз – бұл мереке
Құтты болсын береке
Қыдыр ата келсін
Жақсы тілек әкелсін.
/Ортаға сөз ізгі ниет, «Ақ бата» беру үшін Қыдыр атаға беріледі/
Әкежан:
Армысыңдар, жамағат!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт – түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле – жала жерге енсін»
Ұлы халқым тоқ болсын»
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы – уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын!
(Әумин)
Мирас:
Наурызым ғажап туысың,
Ұлыстың ұлы күнісің.
Жылыттың жердің жүрегін,
Жүрегі елдің жылысын.
Ақерке:
Наурызым - тойлы нұрлы күн,
Мерейің асып тұр бүгін.
Жерімнің жүзін жылыттың,
Елімнің сақта бірлігін!
Елдар:
Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.
Бақберген:
Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы – жыр – аңыз.
Шыңғыс:
Арда өсіп, адал емген ақ уызың,
Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін.
Көк бөрілі байрағын желбіретіп,
Көк түріктер тойлаған Наурызым.
Наурыз – достық, Наурыз – күн,
Барша халық бірлігі.
Тағы келді Ұлыс күн,
Жалғасып ғалам тірлігі.
Сарбиназ:
Наурыз көктем, наурыз жыр,
Ана мейрім, шуақ нұр.
Жан иесін жаңартқан,
Аққан бұлақ, нәзік сыр.
Жансая:
Наурыз келді сан құрып
Жасарып жаңғырып
Құлпырды жер мен көк
Мейрім таң күліп.
Сымбат:
Наурыз тойы — салтанат,
Наурыз тойы — мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
Диас:
Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден –
Құтты болсын, Наурыз!
Сая:
Ақ қар кетіп қыс өтіп,
Шырайлы шуақ жаз жетіп.
Шаруаның ұлы кенелген.
Күн мейрамы ежелден –
Құтты болсың бұл Наурыз!
Олжас:
Құтты болсын Наурыз!
Үйге ат ізін салыңыз.
Ұлы күні ұлыстың
Дастарханда барымыз.
Құтты болсын Наурыз!
Сарқылмасын саруыз.
Ақмаржан:
Кенелсін көкөніске,
Гүлдер бақша бауымыз.
Құтты болсын Наурыз!
Жалқаулық қас жауымыз.
Ұл – өызымыз жайнап тұр,
Өнерлерін сайлап тұр.
Біздің шаңырақтың құты ғой,
Қасиетті қара қазан қайнап тұр.
Сыйлаған жандар атасын,
Көжеден дәм де татарсың.
Тілейік өабыл болсын деп,
Қыдыр атаның батасы.
/Наурызкөжеге шақыру/
Жұлдыз: Осымен «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты сынып сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Өмір жастарыңыз ұзақ, ұлыс бақты, төрт – түлік ақты болсын. Ұлыс береке берсін. Наурыз құтты болсын!

«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» (26 KB)

