Әліппемен қоштасу
Мақсаты: Оқушылардың білімдерін бекіту, олардың алған білім білік дағдыларын көрсету. Тілін дамыту. Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: слайд, суреттер, әріптер, фотомонтаж.
Сабақтың мақсаты:
Мұғалім:Құрметті ата аналар, ұстаздар, оқушылар!
Бүгін сіздер 1 «Б» сынып оқушыларының «Әліппемен қоштасу» мерекесіне келіп отырсыздар.Сіздерді Әліппе патшалығындағы әріптер әлеміне саяхаттап, бірге тамашалауға шақырамыз.
Құтты болсын қадамадарың бүгінгі,
Еркелікті азайтыңдар бұрынғы.
Күнделікті толтырыңдар бестікке,
Бағалаңдар өнер менен білімді.
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өз оқып жазатын хәлге жетті,
Құтты болсын білімі балалардың.
Ал ендігі кезекті балаларға берейік.
1 оқушы: Жаннұр
Алфавитті жаттадық,
Онда жүйе,қалып бар.
Біздің қазақ тілінде,
42 әріп бар.
2 оқушы: Санжар
Суреттермен сөйлеткен,
Әріптерді үйреткен.
Баспа әріп пен жазба әріп.
Дауысты мен дауыссыз.
Айтыңдаршы балалар
Қай оқулық үйреткен?
Оқушылар хормен: ӘЛІППЕ!ӘЛІППЕ!ӘЛІППЕ!
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат әліппені ортаға шақырайық.
Оқушылар хормен: ӘЛІППЕ!ӘЛІППЕ!ӘЛІППЕ!
Әліппе: Жұлдыз
Армысыздар,жас достар!
Армысыздар,ата аналар!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға
Білім деген ғажайыптың,
Әліпбиін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Әліппенің сұрағы:
1.Балалар, әліппені алғаш жазған кім?
2.Балалар,сендерге Ыбырай аталарың қандай өсиет қалдырды?
Мұғалім:
Құрметті әліппе, сен шаршаған шығарсың, кел тойымыздың төріне шық, балалардың саған айтар алғысы мол, отырып, тыңда.
Ән: Ұстазым.
3 оқушы:Амир
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе ғылым ағасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
4 оқушы: Айым
Көлге айналған бұлақтың,
Қайнар көзі әліппе.
Том том қалың кітаптың,
Басы болар Әліппе.
5 оқушы: Нұржан
Әліппе деген даңғыл жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа.
Мұғалім:
Қане бері қарайық,
Зейін қойып тыңдайық.
Әріптермен танысу
Тақпақтардан бастайық
Енді ортаға әріптерді шырқайық.
Қазақстан
Оқушы: Қ әрпі Ақерке
Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама ыдыс аяқты.
Оқушы: А әрпі Али
Астанам, ұлы Астанам,
Ұлылыққа бастаған!
Мақтан тұтар өзіңді,
Кіп кішкентай жас балаң.
Оқушы: З әрпі Жанерке
Зау зау заңғар заңғарлар,
Заманда бар, заңдар бар.
З-да барлық заңдылық,
Заңда з мен заң болар!
Оқушы: А әрпі Жанасыл
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Оқушы: Қ әрпі Алуа
Қарағанды көмірі,
Қостанайдың егіні.
Даласындай жомарт қой,
Қазағымның көңілі.
Оқушы: С әрпі Рауан
Жағасында Ертістің,
Семей деген қалам бар.
Туған мұнда атақты,
Абай, Мұхтар, бабалар.
Оқушы: Т әрпі Меруерт
Жарықты жаумен жұлқысқан,
Қылышты жаумен қырқысқан.
Ең ежелгі астана
Қасиетті Түркістан!
Оқушы: А әрпі Ақмарал
Піскен алма топ топ түсті,
Топ топ түсті, көптен түсті.
Оқушы: Н әрпі Микаил
Ас біткеннің анасы,
Қасиетті нан осы.
Мұғалім:
Осы әріптердің барлығын қосқанда қандай сөз шығады екен?
Қазақстан.
Қазақстан сөзін естігенде көз алдарыңа не елестейді?
Ендеше, сендер Қазақстан деген ұлы мемлекеттің бақытты балдырғанысыңдар.
Туған елімізге арнап «Елімде тыныш» әнін шырқайық.
Мұғалім:
Көз алдымда алғаш келген күндерің,
Көз алдымда сәби бала кездерің.
Көз алдымда еркелікпен өкпелеп,
Томсырая қалып сосын күлгенің
Әрқайсыңның қалам беріп қолыңа,
Таяқшалар салдық дәптер жолына.
Әліппеден әріптерді үйреніп,
Есептеуді үйрендік оңды,солды да
Дей отырып, 1«б» сынып оқушыларының мектеп өміріндегі 1 сәттік кезеңін тамашалап экранға назар аударайық.
Әліппе: Жұлдыз
Балалар! Сендер менімен ғана достасып қана қойған жоқсындар.
Сонымен қатар қандай негізгі пәндерді оқыдыңдар?
Оқушылар: Математика, дүниетану,музыка,бейнелеу,еңбекке баулу.
Математика ғылымдардың атасы деген.Ендеше математикадан алған білімдерін тексерейік. (ауызша есеп)
Әліппе: Жұлдыз
Ал достар, бүгін сендер енді менің жолымды әрі қарай жалғастыратын ана тілі пәнімен танысасыңдар. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі: Айзере
Сәлеметсіңдер ме,балалар?!
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі мен болам.
Балалар мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін.
Әліппе: Жұлдыз
5 болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз.
Хормен қош бол, қош бол, құтты Әліппе!
Мұғалім:
Бүгінгі кеш әр үйдің «Той басы» деп саналар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан тойымыздың соңында,
Ақ ниетпен баршаға тілек айтар қонақтар.
Осымен әліппе патшалығындағы әріптер әлеміне саяхатымыз аяқталды. Сөз кезегі қонақтарға беріледі.
Уақыттарыңызды бөліп қуанышымызға ортақтасып келгендеріңізге көп рахмет!
Қош сау болыңыздар.


Әліппемен қоштасу (18.38 KB)

