«Қош бол,сүйікті әліппем!»ертеңгілігі
Мақсаты:
Оқу тілін дамытып, сөздік қорын молайту. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.
Әр оқушының іс- әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету,шығармашылық мүмкіндіктерін ашу;
Оқушыларды елін, Отанын сүюге,оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі,суреттер, нақыл сөздер, «Әліппе», «Ана тілі», «Математика» оқулықтарының мұқабасы, ауызша есепке көрнекілік, шарлар,бестіктер.
Барысы:
Мұғалім:
Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы - «Әліппе». Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі- әліппені бітіру тойына қош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық.
Жүргізуші:Камила
Қайырлы күн, уа, халайық!
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Мұғалім:
Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл- ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың!
-Балалар, мен сендерге сұрақ қоюдан бастайын. Сендер оған жауап айтыңдаршы.
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Хормен:
Болашаққа жол ашар-
Ол сүйікті- Әліппе!
Мұғалім:
-Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе:Ботакөз
Армысыздар ,жас достар!
Армысыздар, ата-ана!
1-оқушы: Мирас
Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым данасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
2-оқушы:Назара
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те,
Оқимыз қазір ертек те,
Үйреткен оны Әліппе!
Жүргізуші:Камила
Енді ортаға әріптерді шақырайық.
«ОТАН» «ӘЛІППЕ» сөздері шығатындай
( О,Т,А,Н,Ә,Л,І,П,П,Е) әріптер таққан оқушылар шығып тақпақ оқиды.
1-оқушы:Азалия
Оспан да өлең жаттады,
Олжас та өлең жаттады.
Мына менен басталған
Екеуінің аттары.
2-оқушы:Әлиасқар
Торғай, торғай, торғайсың
Таяу келіп қонғайсың.
Жем шашайын, тойып ал,
Сонда аязға тоңбайсың.
3-оқушы:Дильмурат
Астана- астанам!
Астана-бас қалам!
Ардақтап атыңды,
Аузымнан тастаман.
4-оқушы :Аяжан
Ас біткеннің атасы-
Қасиетті «нан» осы
Қайсы әріптен басталып,
Аяқталғанын қарашы.
Мұғалім:
Рахмет балалар, Білмесбек болмай, Білгішбек болыңдар!
( сахнаға кір-қожалақ Білмесбек келеді)
Білмесбек:Камила
-Мыналар не жиналған -әй. Менің атымды атаған қайсың?
Мұғалім:
-Сәлеметсің бе Білмесбек! Сені атаған мен ғой. Бүгін бізде «Әліппемен қоштасу» мерекесі.
Білмесбек:
-Әліппемен қош-та-су. Қоштасыңдар, қоштасыңдар! Қой мен кетейін. Чао!
( кетіп бара жатып, Мирастың шарына ұмтылады)
Мирас:
-Тиіспе менің шарыма . Мұнда әріп жазылған.
Білмесбек:
-Әріп дейді. Қайдағы әріп, мынау доңғалақтың суреті, ал мынау есіктің суретін салып қойыпты-ей. Бұлардың бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін.
Мұғалім: Ол не дегенің Білмесбек. Бұлар О,П әріптері ғой. Дегенмен, балалар, Білмесбектің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас.Ш әрпі тараққа,ү,ұ әріптері садаққа,ағаштың бұтақтарына,о әрпі шеңберге,дөңгелекке,жұмыртқаға,м әрпі тауға ұқсайды.
Ал қазір осы әріптерден екі сөз құрастыру керек.
Мен саған жұмбақ жасырам, шешуін тапсаң, бірінші сөз шығады.
1.Әжеде бар, атада жоқ
Әтеште бар, көжекте жоқ (Ә)
2.Мынау-доға, қарайық
Ұқсайды оған қай әріп? (Л)
3.Ірімшік жедің ғой,
«Тәтті екен» дедің ғой.
Оның аты біз жазған,
Қайсы әріптен басталған? (І)
4.Ата-анаңмен барып сен,
«Пілді» көрдің «парктен»
Осы атауға зер салшы, Басталған қай әріптен? (П)
5.Пілде бар, шілде жоқ.
Допта бар, шарда жоқ. (П)
6.Ешкіде бар, қойда жоқ
Кеседе бар, қасықта жоқ (Е)
-Ал, Мирас, қандай сөз шықты?Ал екінші сөз қолыңдағы шарда жазылған әріптен басталады.
Тапсырмалар :
1. «Әріптер әлемі» сайысы: ( әріптер алып, оған сөз ойлап, буынға бөледі).
Мұғалім: Міне Білмесбек , көрдің бе? Балалар әріпті қалай жақсы біледі.
Білмесбек: Онда мен де кітап оқығым келеді.
Мұғалім: Бұның дұрыс болды. Тек алдымен үсті –басыңды тазалап, жөнге сал. «Әліппені» таза, ұқыпты балалар ғана ұстайды.
Білмесбек: Жарайды.(шығып кетеді)
Жүргізуші-Камила: Оқушылардың орындауында «Әліппе»әні
Әліппе:Ботакөз
-Балалар! Сендер менімен ғана достасып қойған жоқсыңдар. Сонымен бірге математика оқулығымен де таныстыңдар.
Мұғалім:
-Математика – ғылымдардың атасы деген. Ендеше математикадан алған біліміңді тексерейік. ( сандар құрамын анықта)
Тапсырмалар: «Математика еліне саяхат»
«Жұмбақ» сайысы: (Ата-ана, балаларға).
1. Торда үш қоян бар еді.Үш оқушы бір-бірден қоян алды. Сонда торда әлі де бір қоян қалды. Ол қалай? (Ж: біреуі торымен алған).
2.Бес бұтақты қайыңда,
Бұтақ сайын бес алма.
Біреуін бер Саянға,
Сонда қалды неше алма? (Қайыңда алма өспейді).
3.Тепсең-ақ секіріп,
Ұстатпай қашады.
Бір жерге бекініп,
Тұра алмай сасады. (доп).
4.Күн мен түн қалай басталады? (кезекпен)
5.Адам есектен неге құлайды? (жерге).
6.10 ешкіден 5 қойды алсақ, неше ешкі қалады? (10)
7.Алманың жартысы неге ұқсайды? (жарты алмаға)
Әліппе:Ботакөз
- Ал достар, бүгін сендер енді менің жолымды әрі қарай жалғастыратын ана тілі пәнімен танысасыңдар. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі:Альмира
-Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
«Рақмет саған, әліппе» әні орындалады.
Әліппе:Ботакөз
-Балалар, мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін.
Ал, енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар!
Хормен: Қош бол,қош бол , құтты Әліппе!
Хормен:
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз! ( 5-тіктер тарату)
Жүргізуші-Камила: Сөз кезегі мектеп директоры - Салтанат Баязитқызына беріледі.
Мұғалім:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға ана тілін аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз!
«Ана тілім» әні орындалады.
Жүргізуші-Камила:Осымен бүгінгі ертеңгілігіміз аяқталды.Келесі кездескенше қош-сау болыңыздар!








Әліппемен қоштасу ертеңгілігі (393.47 KB)

