Қазақ барда күй құдіреті – Құрманғазының есімі ешқашан өшпейді - Н.Назарбаев
«Қадыр Мәрза-Әлі ақынымыз айтқандай «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», - деп жалғастырды өз құттықтауын Елбасы Н.Назарбаев.
Жаңа ескерткіштің ашылуына орай жиылған дүйім жұрт алдында Мемлекет басшысы тағы бір мәрте тарих парақтарын беттеді.
«19 ғасырда өмір сүрген Құрманғазы талай күйлерді жазса да, оның «Сарыарқа» күйі бүкіл әлемді шарлап, қазақтың музыка өнерін танытты. Оның есімін ұлықтау үшін бірнеше көшелерге, мәдениет үйлеріне, театрларға күйшінің есімі берілді. Құрманғазының «Сарыарқа» күйін естігенде, күйші Сарыарқадан өтіп бара жатып, байтақ даланың кеңдігі мен әдемілігіне көзі тоймай, қазақ елінің елордасы Сарыарқа төсінде болғанын армандап кеткен-ау деп ойлаймын», - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты іс-шарадағы құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласы, Тұран даңғылының бойында салтанатты түрде ашылған қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы ескерткішінің авторлары ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Бақтыбай Тайталиев пен мүсінші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Асан Болдабаев болып табылады.