24.01.2017ж.
« Сұңқар » тобы
Тәрбиеші: А.Асанова
Сыныптан тыс жұмыс
Тақырыбы: Қазақтың ұлттық ойындары
Мақсаты:
Білімділік - Халқымыздың ұлттық ойындарының қалай қалыптасқандығы, оның атадан балаға, үлкеннен – кішіге мұра болып жалғасып отырғандығы туралы мағұлмат беру.
Дамытушылық - Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіре отырып, қызығушылықтарын арттыру.
Тәрбиелік - Ата бабамыздан бізге жеткен баға жетпес байлығымыз, асыл қазына -мыз ұлттық ойын екендігін біліп өсуге, денсаулығын шыңдай түсуге тәрбиелеу
Түзету жұмысы: Қалдық көру қабілетін сақтау.
Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап
Көрнекілігі:Ұлттық ойын түрлері салынған суреттер
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
ІІ. Кіріспе :-Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай – қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары. Бүгінде ойынды адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы ойынның аталып жүруі де жайдан – жай емес. Бұрын ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткерлері, ойын үстінде көрінеді. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Ұлт ойындары осылайша атадан – балаға, үлкеннен – кішіге мұра болып жалғасып отырған. Ойын тек адамның дене күш – қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа дәлдікке т. б. тәрбиелеп қана қоймай, адамның ақыл – ойының толысуына, есейіп өсуіне де көп пайдасын тигізеді. -Манашыұлы Тұяқпай жырында: «Балалар ойнайды, ойнап жүріп ол бала кеудеге ақыл ойлайды» - деп түйіндейді.
Бұдан көретініміз ойын тек көңіл көтеру мен ермек үшін жасалмаған, қайта халықтың жазу өнері әлі дамымаған, оқу орны болмаған кезде өз ұрпатарын өмірге әзірлеу мүмкіншіліктерін пайдаланатын іс – әрекет қызметін атқарған.
-Өздерің қандай ұлттық ойын түрлерін білесіңдер?
ІІІ. -Қазақтың ұлттық ойындарының көптеген түрлері бар. Бұл ойындар бос уақытты көңілді өткізуге, денсаулықты шыңдай түсуге, халқымыздың әдет – ғұрпын, салт – санасын біліп өсуге, тілді дамытуға көп жәрдемдеседі.
-Осындай ойын түрлерінің бірі – жұмбақ айту. Бұл ойын – қол бос кездің бәрінде айта беруге болады. Жұмбақ айту ой – өрісті кеңейтуге, сауатты молайтуға үлес қосады. Оның шешуін табуда бала ізденеді, сұрайды, ойланады.
Теңге алу - Қазақ ұлттық ат спорты. Ертеден келе жатқан ойындардың бірі. Теңге ілу де ат спортына жататын ойынның бірі. Теңге алу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Ойынға жасы 18-ден асқан адамдар ғана қатысады. Ол ертеде үлкендігі ақ тоқымдай киіздің үстінде 50, 20, 15 тиындық майда ақшаларды салып қоятын болған. Қазір тақыр жердің ойықтау тұсына ақ шүберекке түйілген зат тасталады. Ойыншылар қос тартпалы мықты ерттелген атқа мініп 30-40 метрдей жерден шауып бара жатып, ақ киіздің үстінде жатқан тиынды немесе ақ шүберекке түйілген затты еңкейе беріп, іліп алып кетулері керек. Аңшаны ат үстінен алған адам иеленіп кетеді. Қазір шүберекке түйілген тиын, не сондай кішірек затты ат үстінен еңкейіп көтеріп әкеткен адам жеңімпаз атаңып, жүлде алады. Ойыншылар атқа кезек мініп немесе бірнеше атпен (әркім өз атымен) кеп ойынға қатынаса береді. Алғашқы адам тиынды іліп кетсе, оның орнына тағы да тиын салынады.
Алтыбақан— қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады.
Тоқым қағар - ойын-сауық, салт ойыны, көбінесе жас баланың алғаш рет үйден жырақ, алыс сапар шеккен кезінде немесе қызы ұзатылған үйге жиылып «Тоқым қағар» ойынын бастаған. Әдетте ауыл адамдары ән, күй, айтыс секілді өнер түрлерін айта отырып, көбінесе, үй иесіне жолаушының оң сапарда болуын, қыздың бақытқа жетуін тілейтін жақсы тілектер айтысқан.
Мойын арқан– жекпе-жек күш сынасатын ежелгі халық ойыны. Жігіттер тойда, жазғы сауықта сайысқа түседі. Көгал алаң таңдалады. Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Алаңның ортасынан белгі үшін белдеу сызық сызылады. Қос қанаттан ұзындығы тепе-тең мөлшерде сайыскерлер тұратын меже белгіленеді. Сайысқа қалаушылардың бәрі түседі. Сарапшылыр олардың шама-шарқын мөлшерлеп, теңдесімен тартысқа түсіреді. Ойынды басқарушы тұйықталған арқанды сайыскерлердің мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді де, тартысушыларды жерге тағандатып қояды. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартуы керек. Дайындық шаралары біткеннен кейін бастаушы тартысқа рұқсат етеді. Сайыскерлер бірін-бірі шегіншектетіп сүйрей жөнеледі. Алаң ортасындағы белдеу сызықтан қарсыласын шегіншектете сүйреп өткізген сайыскер женеді.
ІV.Қорытынды: Сонымен ұлт ойындары – ата – бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың маңызы өте зор. Ойын адамның алдынан өмірдің есігін ашып, оның творчестволық қабілетін оятып, өміріне ұштаса береді. Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ, болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған ортаны тану арқлы түсінік алады. Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан – ойға жетелейтін, адамға қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл – ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
Тексерілді:__________________________


Қазақтың ұлттық ойындары (24.77 KB)

