Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Новоишим ауылы № 32 орта мектебі
Мұғалімі: Беркинбаева Карлигаш Жумамуротовна
2 «А» сыныбы Пән: өзін-өзі тану 21-сабақ күні:
Сабақтың тақырыбы: «Еңбек бәрін жеңбек»
Сабақтың мақсаты: «Еңбек» адамгаршілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Сабақтың міндеттері:
- еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру;
- еңбек етуге қызығушылықтарын дамыту;
- еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар: «Қайдан келдің бауырсақ?» өлеңі бойынша сахналауға арналған құралдар, түрлі-түсті суретер, жүрекшелер.
Шаттық шеңбері
Оқушылар шеңбер құрып тұрады, сәлемдеседі, бүгінгі күнге тілек айтып, А.Меңжанованың «Болайықшы осындай» әнін орындайды.
Жақсы бала еңбекшіл Таза бала мұнтаздай,
Ер азамат болады. Сүйсінеді қараған
Қиындықты жеңіп кіл, Ұқыпты деп бұл қандай
Құшағы гүлге толады. Жақсы көрер бар адам.
Қайырмасы: Еңбекшіл досым – ай,
Болайықшы осындай.
Ой шақыру
Сөзжұмбақ шешу арқылы сабақтың тақырыбын анықтап, мақсатын айқындау.
Сөзжұмбақ шешейік.
1. Қасиетті сан.
2. Қателігіңді түсінген кезде айтатын сөз.
3. Біз өткен тақырып « ............... мен сауап»
4. Үлкенге - ...................., кішіге – ізет.
5. Аптаның соңғы күні.
Әңгімелесу
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – «Еңбек бәрін жеңбек». Тақырып төңірегінде бірнеше сұрақтар қойылып, әңгімелесу жүргізіледі.
- Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
- Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
- Өздерің қандай еңбекпен айналысқанды ұнатасыңдар?
- Адам бойында қандай қасиеттер болғанда жетістіктерге жетуге болады?
Сурет арқылы «еңбектің пайдасы» деген сөзге топтастыру жасау.
Еңбектің пайдасы – тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға үйретеді, ширатады, шынықтырады.
Балалардың жауаптары тыңдалып болған соң, мұғалім толықтырып, адамның өмір сүруіне қажеттінің барлығы еңбекпен келетіні түсіндіріліп, өзін - өзі тану пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге ұсыныс жасап, осы жолда аянбай еңбек еткен еңбекқор жан Сара Алпысқызы Назарбаева жайлы фотосуреттер көрсетіледі.
Сабақтың дәйексөзі
Оқушыларға бейнефильм көрсетіліп болған соң, тақтаға итальяндық ғалым, суретші Леонардо да Винчидің «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген сөздің анықтамасын, ұқсас түсініктерді, бақыт деген түсініктің артықшылығын және кемшілігін анықтатқызу.
Сахналау
Еңбектің адам өміріндегі мәнін түсіндіру үшін Ө.Тұрманжановтың «Қайдан келдің бауырсақ?» атты өлеңін рөлдік орындаулар арқылы үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ) оқиды. Осыдан кейін оқушылар «Нан дастарқанға қалай келеді?» деген сұрақ аясында сөйлейді.
Сергіту сәті
1. Денеге арналған жаттығу
2. Көзге арналған жаттығу
Шығармашылық жұмыс
Оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс істейді.
1 – тапсырма: Мақал – мәтел кітапшасын жасау тапсырылады. Оған еңбек туралы мақал – мәтелдер жазып, мағынасын түсіндіреді.
2 – тапсырма: «Еңбек – бақыт бастауы» әңгіме құрастыру.
Тыныштық сәті Дәптермен жұмыс
Берілген суреттерді пайдаланып әңгіме құраңдар, суретті бояңдар.
Қорытындылау
Балалар, осымен сабағымызды қорытындылайтын кезде келді. Ендеше, біз «Еңбекқорлар еліне» барып, саяхат жасап қайтайық. Ол үшін «Біз не үйрендік? Не білдік?» деген сұрақтарға жауап береміз. Әрбір дұрыс жауап берген оқушы әртүрлі суреттермен еңбекқорлар елін безендіреді.
Жүректен – жүрекке
- Мақсат, еңбегің жемісті болсын!
- Жаннұр, еңбек етсең емерсің деген. Осыны есіңе сақта.
- Заңғар, сүйіп істеген іс шаршатпайды. Сондықтан өзіңе ұнайтын істерің көп болсын.
- Мереимөмірдегі тірегің еңбек болсын,
- Қырмызы, «Еңбек – қуаныш, жалқаулық - айырылмас азап», - деп ұлы Абай атамыз айтқандай ешқашан жалқау болма.
Жүректен – жүрекке осылайша жалғаса береді.

«Еңбек бәрін жеңбек» (17.9 KB)

