Білім беру жүйесіндегі жаңалық
Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, баланың қабілеті мен талантын дамыта отырып білім беру бүгінгі ақпараттық заманда барша ұстаз қауымының алдында тұрған басты міндет екенін қоғамның өзі айқындап отыр. Өйткені, мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттеуде.
Сондықтан да жаңарған ұстаз дәстүрлі оқыту жүйесінен шығып, жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде алдындағы әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыруы шарт. Сонымен бірге, оқушымен бірлесе отырып баланың білімге деген құштарлығын оятып, шығармашылықпен жұмыс жасауға баулып, білімді өздігінен іздену арқылы жетілдіруге және жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етуі керек. Ол үшін мұғалім сабақта оқушыларға өз бетінше орындау құқығын беріп, сыныпта демократиялық атмосфера қалыптастыратын түрлі әдіс - тәсілдерді оқу үрдісінде үнемі үздіксіз ұйымдастырып қана қоймай, сабақ үстінде қандай болмасын оқушы тарапынан туындаған әртүрлі мәселелерде бағыт-бағдар беруші болуы қажет.
Өйткені, мұғалім- өскелең ұрпақ пен қоғам арасын байланыстырушы. Ол ең қиын үдерісті басқарады. Сол себепті де бүгінде қоғам мұғалімге ең жауапты тапсырма жүктеуде. Соған орай ұстаз еңбегі де қоғам талабына сай үнемі жаңарып, шығармашылыққа бағытталған болуы тиіс. Әрбір Ұстаз- бүгінге емес, болашаққа қызмет ететін мемлекет қызметкерін оқытып -тәрбиелейтіндігін жадынан шығармағаны абзал. Ел тұтқасын ұстар ертеңгі азамат -бүгінгі мектеп шәкірті. Ал ертеңіміздің жарқын болуы- бүгінгі ұстаз берген білім мен тәрбиеге байланысты. Сол үшін де ұстаз заман дамуынан артта қалмай, өзін-өзі жан-жақты дамытып, ғылыми-теориялық білімін және педагогтік мамандығын үнемі жетілдіріп отыруы шарт.
Алматы облысы Сарқан ауданы Сарқан қаласы
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
С.Ш. Мықтыбекова