Қазақтың салт-дәстүрі
«Тұсау кесу»
Бала қаз тұрып, тәй-тәй басып жүре бастаған кезде жасалатын салт-дәстүр. Тұсау кесу тойының негізгі жабдықтары 1,5 метр ала жіп, өткір қайшы немесе пышақ. Тұсау кесу тойына ауылдың қыз-келіншек, бәйбішелері түгел шақырылады. Ет асылып, шай қайнатылады. Тойға келгендер шашуға құрт, тәтті тағамдар, балаға ойыншық, асық, сылдырмақ, т.б.әкеледі.
Баланың шешесі шаруаға икемді, елгезек, пысық әйелдердің біріне қайшы мен жіпті ұстатып, баласының тұсауын кесуді (Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды) ұсынады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді.
Тұсау кесуші әйел жүре бастаған баланың аяғына ала жіппен тұсау салып жатып:
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам,
Қадамыңды қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз,балам, жүре гой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе.
Ілгері бас, шегінбе,-
деп өлеңдете отырып тұсау жіпті қайшымен қияды да, баланы қолынан ұстап жүргізеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді.
(Мектебіміздегі Наурыз мерекесінде көрсетілген көрініс)
«Тұсау кесу» рәсімінен көрініс



"Тұсау кесу" салты. (1.43 MB)

