Тақырыбы: "Тазалық - саулық негізі"
«Тазалық - саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейтіні белгілі. Күн сайын кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан кентіміздің ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан да тазалық - қоғамдағы маңызы зор мәселе болып табылады. Себебі, қоршаған орта мен экологиялық тазалық - тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Қоршаған ортаны таза ұстаумен қоса, біз өзіміздің, бала-шағамыздың денсаулығы дұрыс болуына жағдай жасаймыз. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек.
Тереңөзек кентінің санитарлық тазалығына былтырғы жылы 8945,0 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер «Сырдария-Нұрдаулет» ЖШС-і тиісті жұмыстарды атқарған. Негізгі көшелердің бойына және көп қабатты үйлердің аулаларына 130 дана қоқыс контейнерлері қойылған. Кенттегі санитарлық тазалықты қадағалау мақсатында күнделікті арнайы техника бөлініп, көше бойындағы контейнерлерде жиналған қоқыс қалдықтары тұрақты түрде тазартылған. Меншік нысанына қарамастан кенттегі барлық мекеме, ұжымдар көктемгі және күзгі жарияланған айлықтар барысында ұйымдастырылған тазалық іс-шаралары мен сенбіліктерге белсене қатысып, жалпы саны 61 мекемеден 2800 қызметкерлер мен 17 техника санитарлық тазалық жұмыстарына жұмылдырылған. Нәтижесінде, өткен жылы 650 текше метр күл-қоқыс, қалдықтары сыртқа шығарылып, тұрғындарға да түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда, тұрғындардың басым көпшілігі кент тазалығына салғырттық танытып отырғаны жасырын емес. Кент орталығын таза ұстау тек қана кент әкімдігі немесе тазалық жұмыстарымен айналысатын мекеменің міндеті деп санайтындар да бар. Тазалықтың - қоғамдық мәдениеттің негізгі бөлігі екендігін ескерсек, кент тазалығының көңіл көншітпейтіндігі тұрғындардың адамгершілігіне де нұқсан келтіруде. Сондықтан негізгі жұмыстарды сала мамандарына артып қоймай, өзіміз де ауламыз бен көше бойын таза ұстау бағытында оң көзқарас танытуымыз керек.
10 ақпан күні кент әкімі аппаратының бастамашылығымен құрамында аудандық ІІБ-і инспекторлары, аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы мамандары, кент ардагерлер кеңесі мен баспасөз ақпарат құралдарының өкілі бар топ кент орталығындағы 10 көшеге тазалық рейдін жүргізді. Рейдтің басты мақсаты - тұрғындарға кенттің санитарлық тазалығын сақтауды түсіндіру мен күл-қоқысты бекітілген жерге төгу және қоршаған ортаға зиян тигізетін заттар мен тұрмыстық техникаларды арықтарға тастамау қажеттігін түсіндіру. Рейд жұмыстары кент орталығындағы Қ.Қазантаев көшесінен басталды. Мұнда көше тұрғыны Дастан Тұрғанбеков үйінің күл-қоқысы мен тұрмыстық қалдықтарын көше бойына төгіп, санитарлық тазалық нормаларын өрескел бұзғандығы анықталды. Аудандық ІІБ-і инспекторлары Ғ.Сақтағанов пен Т.Камалов және тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бас маманы Ә.Мырзабаева аталмыш тұрғын үй иесіне ескерту жасап, тез арада көшедегі қоқысты алып тастау қажеттігін түсіндірді. Мұнан соң, рейд мүшелері кенттің ең шеткі көшелерінің бірі Әуезов көшесіне бас сұғып, тұрғын Дастан Тортаевтың көшені ластағанына көз жеткізді. Бірақ, үй иесі болмағандықтан және үйдің құлып тұруына байланысты сала мамандары көршілеріне ескерту жасалғанын жеткізуді тапсырып, бір тәуліктің ішінде қайтадан тексеру жұмыстарының жүргізілетіндігін айтты. Осы тектес тексеру шаралары Ә.Тәжібаев, Жеңістің 50 жылдығы, Оспан Әбілпаттаев, Ғани Мұратбаев, Абай Құнанбаев, Жамбыл, Аманкелді Иманов және Азатбақыт Әлиакбаров көшелерінді жүргізілді. Ал «Әйтек» каналының арғы бетіндегі Желтоқсан көшесінің тазалығына келер болсақ, мұнда көше тұрғындарының мал қорасынан шыққан қи мен жаман иісті сабанды қоршалмаған алаңға төгіп, көршілеріне зиян тигізіп отырғандығы анықталды. Үйдің иелеріне кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Болғанбайұлы тазалықтың денсаулық кепілі екендігін атап көрсетіп, болашақта көршілер мен жаяу жүргіншілерге қиындық тудырмас үшін малдың қиы мен тезегі төгілген жерді қоршап қою керектігін баса айтты. Өз кезегінде тұрғындар болашақта міндетті түрде ескертуден нәтиже шығарып, алаңды арнайы құрылыс материалдарымен қоршап қоятындығын жеткізді. Сонымен қатар, рейд барысында сала мамандары кент орталығындағы «Әлихан» дүкені маңының тазалығы да көңіл көншітпейді деген тұжырымға келді. Дүкен қызметкерлері тұрмыстық заттардан шыққан қалдықтар мен күл-қоқысты көшенің бойына төге салғаны көрініп тұр. Бұл туралы кент әкімі аппартының инспекторы Дастанбек Смайлов дүкен иесіне бұл туралы ауызша 5-6 рет ескертілгендігін, алайда тазалық жұмыстарына сай тиісті шара қолданбайтынын жеткізіп, аудандық ІІБ-і инспекторларына хаттама толтыру қажеттігін айтты. Осы орайда, бұл дүкеннің иесі аудан орталығындағы мектептердің бірінде ұстаздық қызмет атқаратындығын ескерсек, шындығында, бетке ұстар тұлғалар жас буынға тазалық жөнінде қандай үлгі болмақ деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Кент әкімдігінің қызметкерлері дүкен иесі болып табылатын жеке кәсіпкердің (ұстаздың) оқушыларға қоғам тазалығын сақтау мен Мемлекет басшысының қандай да бір қылмысқа нөлдік төзбеушілік таныту ұстанымына сай еместігін айтып, рейд алдында жасалған ескертулерден ешқандай нәтиже шығармай отырғандығын ашына айтты.
Рейд барысында Достық, Желтоқсан, Оспан Әбілпаттаев, Ғани Мұратбаев, Абай Құнанбаев көшесінің тұрғындары тарапынан қоқыс тастайтын контейнерлер қойылса екен деген ұсыныстар да айтылды. Ал кент әкімдігі тұрмыстық қалдықтар тастау мақсатында қойылған контейнерлерге тұрғындардың күл, малдың қиы мен құрылыс заттарының қалдықтарын тастайдығын алға тартады. Бұдан шығатын қорытынды, кент әкімдігі тарапынан тұрғындар сұранысы толықтай қанағаттандырылып отырғанымен, әлі де болса кент тұрғындарының санитарлық тазалықты сақтау мәдениеті төмен екендігі байқалады. Себебі, контейнерлерге тастауға болмайтын қалдықтарды тастап, күл-қоқысты көше бойына төгу фактілері көп. Егер тұрғындар көше бойындағы өз тұрғын үйіне тиесілі аумақты таза ұстап, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүретін жол бойына қоқыс қалдықтарын төкпесе, көрікті кентіміз ажарлана түсер еді. Топырағына аунап өскен туған мекеніміздің санитарлық тазалығы бір адамның қолынан келетін іс емес. Бүкіл халықтың арына парыз болған асыл міндет. Көнекөз қариялардың «Ұяттан сұлу нәрсе, тазалықтан асқан ғажап жоқ» дейтіндігі де сондықтан. Бұл ретте, біз тұрғындарға өздерінің тұрып жатқан тұрғын үйлерінің маңайы мен көшелерін таза ұстауға оң көзқарас танытса екен деген ұсыныс-талап айтамыз.
Тазалық рейдінің қорытындысы бойынша өткен жиында кент әкімі Ж.Сыздықов әкімдік тарапынан арнайы техникалар мен қызметкерлердің тұрақты түрде кент тазалағымен айналысатындығын айтып, жұртшылықты баршаға ортақ істі бірлесе атқаруға шақырды. Сондай-ақ, кент әкімі сала мамандарымен бекітілген жоспарға сәйкес тазалық рейдтерінің айына екі рет өткізіліп тұратындығын жеткізіп, кент тазалығына нұқсан келтірген тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын баса айтты. Сондықтан тазалыққа сақ болған жөн.
P.S. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Алла Тағала таза әрі тазалықты сүйеді» делінген. Сондықтан туған өлкеміздің тазалығына жіті мән бермесек, бұл бір жағынан мұсылманшылығымызға сын болмақ. Ендеше, ата-бабаларымыз айтқандай, «Тазалықты - табалдырықтан бастап» кент орталығын таза ұстауды күнделікті орындалуы қажет әдетке айналдырсақ - ел дамуына қосқан елеулі үлес болар еді. Ол үшін аудан орталығының тазалығын сақтауды баршамыз басты міндетіміз деп сезінуіміз қажет. Оның үстіне, тазалық - біздің денсаулығымыз бен салауатты өміріміздің бас¬ты кепілі.

"Тазалық - саулық негізі" (16.86 KB)

