Менің кәсіби ұстанымым
Мен лайықтымын ақылдымын абзал жанмын,
Арманның қиялынан таңдағанмын
«Ұстаз» деген ұлы істің мәнін біліп,
Өміріме діңгек қып таңдап алдым.
Мен Шаған жалпы орта білім беретін мектебінде 2006 жылдан бастап түзете-дамыта оқыту сыныбына сабақ беріп, еңбек етудемін. Сонымен бірге 2012-2013 оқу жылынан бастап ТДО сыныбы дефектологі болып жұмыстанудамын. Бұл мамандықты өз жүрек қалауымен таңдап алдғандықтан, өз ісіме мейлінше адал, өз қызметімді барынша абыроймен атқаруға тырысамын. Мен өзімді бала жанының бағбаны десем де болады.Өз басым ұстаздар әулиетінен шыққандықтан, бұл мамандық мен үшін аса бағалы, баға жетпес, құнды.
Орта мектепті жақсы бағалармен аяқтағаннан кейін, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен сатім арманыма бір қадам жақындата түсті. Оқу орнын аяқтап қолыма диплом алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Ұстаздық кәсібімді шыңдай түсіп, Самара Мемлекеттік университетінің олигофренопедагогика факультетінде оқуымды жалғастыруым өз арманымды қайта жіпсіз жалғау болатын. Оқуды жақсы аяқтап, педагогика білімінде мүлде басқа қырынан өз еңбек жолымды бастауыма тура келді. Қазір бұл салада еңбек етіп жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Еңбек жолымда ұстаздық кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, біраз ой түйдім, өз ісіме сараптама жасап, білім беру ісінің мәнін толық түсіне бастадым, тұжырымдама жасадым. Қарап тұрсам бұл кәсіпті таңдауымда еш адаспаппын, мен осы істің маманы болуға жаралғанымды түсіндім.Ұстаз болу жоғарғы оқу орнын үздік бітіруді аздық етеді. Ұстаз атты ұлы шыңға көтерілу үшін ұстаз әрдайым ізденісте, оқуда болуы керек. Ұстаз ретінде мен даму мүмкіндігі шектеулі балаларды өмірдің көшінен тыс қалдырмай оқу мен қатар тәлім-тәрбие беріп, олардың бойында шығармашылық қабілет пен қатар танымдық оқу іс-әрекетін де дамыта білуім керек. Осы орайда Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін ұстанамын. Ұстаз алдында әр бала, қайталанбас бір әлем, жауабы жоқ жұмбақ. Сол себепті ұстаз бойынан жұмбақ шешімін таба білетін сиқыршылық, жауапкершілік қасиеті, төзімділік пен шыдамдылық, қайсарлық, ізденіс қасиеттері табыла білуі керек.
Ұстаз өз алдындағы әрбір шәкіртінің жүрегінің төрінен орын алып, оларды шын жүрегімен жақсы көре білуі де басты қызмет атқарады. Мейрімділік, шыдамдылық, баламен тең жағдайда сөйлесе білу, оның мүмкіндіктеріне сене білу, бала сөзіне мән беру, ден қоя тыңдау, бала жанына қанат бітіру менің ұстаздық кәсібімнің басты қағидалары.
«Сабақ беру жай ғана үйреншікті әдет емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»- деп Ж.Аймауытов айтқандай оқушылардың ақыл-ой белсенділігін, танымдық процестерін дамыту, арттыру менің жұмысымның өзектілігі.
Ұстаз күнделікті сабағын қиынынан қиыстырып, бала жүрегінен орын таба білуі керек. Сабақ беруде жаңа технологияларды меңгеріп, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, шәкірттерімнің білім сапасын арттыруға тырысамын.
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,-дегендей бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда оқушыларымның биіктен көрінуіне күнделікті жұмысымда, сабақ беру барысымда жаңашылдығым арқылы үлес қосу менің ұстаздық парызым.