« Экология - өмірдің соғып тұрған жүрегі! »
Ж.Хожахмедова
Экология үйірмесінің жетекшісі
Мақсаты:
1.Білімділік: оқушылардың қоршаған ортаға деген құндылықтары жайлы түсініктерін кеңейту; 2.Дамытушылық: шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру;
3.Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу,экологиялық тәрбие беру.
Көрнекі құралдар: табиғат туралы нақыл сөздер, өлең шумақтары, қабырға газеті, гүлдер, суреттер.
Сабақтың әдісі: әңгімелеу, түсіндіру,сұрақ-жауап,тілек айту,пікірлесу, шығармашылық жұмыстар
Тәрбие сағатының құрылымы:
І бөлім
І. Ұйымдастыру
ІІ. Тәрбие сағатының тақырыбын айтып, мақсатын хабарлау;
І бөлім. Табиғат дегеніміз не?(саяхат-шолу)
ІІ бөлім
Ой-толғау (Үй тапсырмасы)
а) «Мен табиғатты сүйемін немесе табиғатпен сырласу»
ә) « Егер табиғатқа тіл бітсе...»
б) «Егер мен суретші болсам...»
в) «Егер мен ақын болсам...»
ІІІ. «Жүректен жүрекке» табиғатқа тілек айту
ІV.Сабақты қорыту. Ән шашу
Сабақтың барысы:
(Оқушылар дөңгеленіп отырады,орталарына әдемі гүл шоқтары қойылған)
І. Ұйымдастыру:
Қайырлы, күн, балалар! Күнде таңертең сендер ояна салысымен , терезені ашып Табиғат-Анаға көз салып қарайсыңдар.Дәл бүгінгі күні табиғат-Ана бізді несімен қуанты, бізге не айтады?Олай болса, мен сендерді Табиғат -Анаға саяхатқа бірге шығуға шақырамын. Келісесіңдер ме? Өте керемет!
Табиғат адамзаттың, жалпы тіршілік атаулының ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Табиғат-сұлулықтың таусылмас көзі.Ендеше біз бүгінгі сабағымызды табиғатпен амандасудан бастаймыз.Барлығымыз орнымыздан тұрып мына өлең жолдарын бірге айтайық!
Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі!
1-оқушы. Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі –ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
2-оқушы. Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар.Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар –біздің қанатты достарымыз. Олар –табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
3-оқушы. Қазақстанда құтардың 480 түрі бар екен. Соның ішінде азайып кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынды. Ата-бабамыз құсты аса қадірлеген.Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін-жерін тастап қаша жөнелген екен.Сол ауылда Төле би атамыз ғана қозғалмай,киіз үйін жықпапты.Қалмақтың әскер басы себебін сұраса,Төле би үйінің төбесін көрсетіпті. «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды,балапандары әлі жас, ұша алмайды» депті.Жас әскер басы Төле бидің адамгершілігіне риза болыпты. Содан Төле би атамызды «Қарлығаш би» атапты, ал қарлығашты «Әулие құс» деп атаған екен.
4-оқушы. Қазақтар құстарға қарап ауа райын да болжай білген.
• Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
• Сары шымшық ысқырса- шынымен күз болғаны.
• Қарға қарқылдаса -қар жауады.
• Жыл құсы қаптап кетсе -көктем ерте келеді.
• Көкек қатты әрі жиі шақырса –күн жылиды.
• Сауысқан шақылдаса, қонақ келеді.
• Ерте көктемде қарға суға шомылса, күн жылиды.
Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз.
Құстарды табиғаттың әні десек, табиғаттың сәнін келтіретін тағы да нелер деп ойлайсыңдар?(Хайуанаттар)
Ендеше келесі аялдамамыз «Табиғаттың сұлу мүсіні хайуанатар» деп аталады.
5-оқушы:Табиғаттың сұлу мүсіні , көрікті келбеті – хайуанаттар. Халқымыз ежелден-ақ жануарларды көзінің қарашығындай аялап, қамқорлыққа алған көздері мөлдіреп тұрған қыздарын «Ботагөз» деп атаған.Бүгінде орманның сәнін келтіретін жан-жануарлар азайып келеді. Соның бірі қазақ жерінде тас дәуірінен бері тіршілік келе жатқан ғажайып хайуанаттар өкілі –Ақбөкен болып табылады. Сергіту сәті «Мейірімділікті табиғаттан үйрен» немесе « Мейірімді жүрек»ойыны. Әр бала бала қасындағы көршісіне, досына оның жақсы қасиетін білдіретін сөздерді жазып жүрекшені ұсынады. Мысалы: Сен мейірімдісің, Сен әдемісің, Сен ақылдысың!..т.б.
ІІ бөлім
IV. Ой-толғау
«Мен табиғатты сүйемін немесе табиғатпен сырласу»
(Бұл тапсырмалар оқушыларға алдын-ала берілген болатын, мына беріліп отырған шағын шығармалар солардың ішінен таңдап алынғаны)
6-оқушы: «Табиғат! Сен дүниедегі ең сұлусың, ең әдемісің! Сенің жұпар ауаң да, жүгірген аңың да, айналаны әсем әнге бөлеген құсың да әдемі! Мен сенен әдемілікті үйрендім. Осындай әдеміліктің ортасында өмір сүрген адамзат баласының қаншалықты бақытты екенін білсең ғой.
7-оқушы: Күн сәулесі төгілгені әдемі,
Алуан түрлі қызыл гүлдер әдемі.
Сылдыр қаққан мөлдір суда әдемі.
Биік –биік шыңдарым да әдемі.
Айдын көлде аққу қандай әдемі
Сұңқар құстың самғағаны әдемі
Даланы әнге бөлеген құстарым қандай әдемі
Мөлдіреген көздері киігім қандай әдемі
Ақ көрпеге оранған қысым қандай әдемі.
Масатыдай құлпырған көктем қандай әдемі
Асыр салып ойнайтын жазым қандай әдемі.
Сары түске боялған күзім қандай әдемі.
Осылайша табиғатқа бір қарап
Табиғатпен сырласуда әдемі.
Жер-Ананы аяласаң жан-тәнмен
Боласыңдар сендер де, дүниедегі ең әдемі!
ә) « Егер табиғатқа тіл бітсе...» тақырыбы бойынша оқушының таза жүрегінен шығармаларға кезек берейік:
8-оқушы. Егер табиғатқа тіл бітсе, ол былайша бізге тіл қатар еді: «Ей, адамзат баласы! Сен менің бауырымда өсіп ер жеттің. Мен сені тонғаныңда күн шуағыммен жылыттым, ыстықта ағаштарыммен жаныңа сая болдым. Мөлдір, таза ауаммен дем алдың. Жер- ана сені асырады, бақты ұрпағың ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Мен арқылы сен сұлулықты , әдемілікті сезіндің! Бірақ мен саған өкпелімін. Неге дейсің ғой бүгінгі күніме қарашы. Ауам ластанды. Суым лайланды, тартылды. Орманымдағы ақбөкенім мен сұлу киігім қайда қашты? Даланы әсем әнге бөлеген құстарым неге азайды? Балықтарым неге жағада өліп жатыр? Сен бүгін менен бәрін алып алсаң , болашақ ұрпағың қалай күн көреді? «Судың да сұрауы бар» деп адамдар өздерің айтатын едіңдер ғой. Бүгін мен сендерге осындай сұрақ қоямын. Жауап беріп көріңдерші- деуші еді табиғат.
9-оқушы. «Егер табиғатқа тіл бітсе, Семей табиғаты, оның бүгінгі хал-жағдайы туралы былай дер еді: Семей, өңірінің тұрғындары! Жайқалған орманым қайда? Оның ағаштарын есепсіз кестің. Соның салдарынан қалаңда азынаған жел соғатын болды. Аспанға құм ұшып жатыр. Ал оның денсаулыққа қаншалықты зиян екенін білесің бе? Егер ұрпағыңның болашағын ойласаң , орманыңды қалпына келтір, адамзат!»
10- оқушы. «Егер табиғатқа тіл бітсе, ол Семей полигоны туралы былай деп айтар еді: Адамдар, сендер қандай қатыгездік жасағандарыңды білесіңдер ме? Сен менің ауамды ғана улаған жоқсың, ұрпағыңды мүгедек еттің. Осы жарылыстың салдарынан қаншама адам бүкіл өмірін жылаумен өткізіп келеді. «Кім кінәлі?» деген сұраққа олар, «маңдайыма жазылғаны осы» дейді». Бірақ бұған тек адамдар кінәлі, полигон –адам қолымен жасалған қастандық. Менің ауам тазарар, бірақ ұрпағыңның денсаулығын қайтадан қалпына келтіре алар ма екенсің?- деп айтар еді Табиғат»
б) «Егер мен суретші болсам...»(Бұл бөлімде сыныптағы суретті жақсы салатын оқушылардың суреті көрмеге қойылып, сол туралы пікірлері тыңдалды)
г) «Егер мен ақын болсам...» (Бұл бөлімде сыныптағы өлең шығаратын оқушылардың өлеңдері тыңдалды. Сонымен қатар басқа ақындардың табиғатқа арнаған өлеңдерін оқушылар тебірене оқыды)
Сабақты қортындылау кезеңі: «Жүректен жүрекке» Оқушылар сабақ соңында табиғатқа тілек айтып, тақтада ілініп тұрған күннің сәулесіне кезегімен мынандай сөздерді апарып іледі.
Гүлдей бер, Жер-Ана! Аспаның ашық болсын!
Аспаныңды бұлт торламасын!
Тоғайың аң мен құсқа толсын!
Суың мөлдір, таза болсын!
Өзен, көлің, теңізің балықтарға толсын!
Орманың қызыл, жасыл гүлдерге толсын!
Күнің жарық болсын!т.б.
Хормен : Табиғат сені сүйеміз, Басымызды иеміз!