Сабақтың тақырыбы: Ана бейнесі
(Ғ.Мүсірепов «Ананың анасы»,
Қ.Сағырбайұлы «Аман бол, шешем, аман бол»
күйіндегі «Ана» бейнесі )
Сабақтың мақсаты:
білімділік:
әдебиет және музыка пәнін байланыстыру арқылы
ана бейнесін көрсету;
әдебиеттегі ана сөзінің құдіреті және музыкалық
дыбыстар арқылы жасалған ана бейнесін түсіндіру;
дамытушылық:
театр, опера өнеріне түсінік беру;
әдебиет пен музыка өнерінің бірге дамитындығын түсіндіру;
тәрбиелік:
оқушыны көркемдік өнерге тәрбиелеу
ананың балаға, баланың анаға деген махаббатын ұғындыру
әдеби және музыкалық шығармалар арқылы аналарды құрметтеуге тәрбиелеу
Сабақтың түрі: Интегралды сабақ
Дәстүрлі емес сабақтың түрі: Опералық қойылым
Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, рөлде және домбыра аспабында ойнау
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, әдебиет теориясы, тарих, сурет, музыка,
музыка теориясы
Сөздік жұмысы: театр, опера, балет, либеретто, увертюра, ария
Көрнекілігі: ана бейнесі, нота таблицалары, билеттер, суреттер,
ұлағатты сөздер, безендірілген сахна
Техникалық құрал: видео проектор, теледидар, үнтаспа
Музыкалық аспаптар: Домбыра, қобыз, баян
Халықтық педагогика: Мақал-мәтел, аңыз, ақ орамал белгісі
Сабақтың өту барысы:
І Ұйымдастыру бөлімі:
Оқушыларды театр сахнасына, ата-аналар мен ұстаздарды көрермен ретінде орналастыру.
ІІ Өткен тақырыпты бекіту:
Музыка пәні мұғалімі: - Оқушылар, бүгінгі сабақ-дәстүрлі емес, аналарға арналған ерекше сабақ. Драматург жазушы Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы» әңгімесіндегі және күй атасы Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол» күйіндегі ана бейнесін байланыстыру арқылы сабақтың тақырыбын «Ана бейнесі» деп атадық.
Сабақтың мақсаты – әдебиеттегі кейіпкерлерді музыкамен бейнелеу, яғни театрдың опералық түрін және күйдегі музыкалық дыбыстар арқылы ана бейнесін көрсету. Қазір театрға бармас бұрын музыкалық білімдеріңді тексеріп көрейік. Ол үшін алдарыңыздағы мына таблонға дұрыс жауап берулеріңіз керек.
Таблодағы әріптерді қойылған сұрақтарға жауап ала отырып, бір-бірлеп ашу.
Сұрақ | Жауап |
1. – Опера дегеніміз не? | -Театрда орындалатын музыкалы драмалық үлкен шығарманы опера дейді, Немесе спектакльді әнмен бейнелеу |
2. – Либеретто дегеніміз не? | - Операда музыкамен бірге сөз де жазылады. Оны либеретто дейді |
3. – Увертюта деген не? | -Увертюра – бастау, беташар деген ұғымды білдіреді. Опера басталар алдында кіріспесі ретінде сол шығарманың қысқаша мазмұнын баяндайды |
4. – Ария деген не? | -Итальян тілінде ән деген сөз |
5. – Опера және балет театры қай қалада? | - Опера және балет театры Алматы қаласында, Абай атында |
Таблодан «Опера» сөзі шығады
Музыка пәні мұғалімі: - Балалар, опера туралы өткен сабақтағы түсініктерің жақсы екен. Енді театрға барайық. Теледидарда зәулім сәнді Абай атындағы опера және балет театры ғимаратының көрінісі. Театр 5 қабаттан тұрады. Әрбір қабаттағы берілген тапсырманы орындап, жоғары көтерілеміз.
І қабат: Касса (сұрақ - жауап)
ІІ қабат: Үлкен зал (Опералық қойылым)
ІІІ қабат: Дәмхана (Аналарға арналған әндерді орындау)
IV қабат: Дәрісхана («Аман бол, шешем, аман бол»)
V қабат: Кіші зал. Көрме. Ұлағатты сөздер
І қабат: «Театр киім ілгіштен басталады»
Әдебиет пәні мұғалімі: - Қазір театрға кіру үшін билет сатылады. «Ананың анасы» әңгімесі бойынша әр билетте жазылған сұраққа жауап береміз
Оқушылар әңгіменің мазмұнын айтады.
ІІ қабатта «Ананың анасы » әңгімесін опера арқылы бейнелеу:
Опералық қойылым: Терезелер қараңғыланып, эпидоскоп арқылы сахнада «Бесіктегі сәбиін тербеткен ана бейнесі» көрсетіледі. Оқушылар хорға тұрады. Операның беташары –увертюра.
Хор «Ана». Әні: К.Дүйсекеевтікі әннің екпіні жай, әндете айтылады.
Қыз тезек теріп жүреді. Жалпақ батыр жауынгерлерімен келіп, қызды іліп алып қашады.
Анасы: - Құлыншағым, ботам сенен айырылсам қалай өмір сүрем?
(қолын жайып аңырап қалады)
Әкесі: - Қызымды қайтарып бер, сорлы анасы аңырап қалады. Тас құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен жалғызы еді, алып кете көрмеңдер (жалбарынады)
(Қыздың әкесін жауынгер шауып өлтіреді.)
Қыз: (дыбыс бояуы-сопрано) – Әкетайым-ай, мен үшін мәңгілікке көз жұмдың ғой. (бетін басып жылайды)
Ағараңдап анасы көрінеді:
Қыз: - Апатайым-ай, сор айдап әкелді ме?
Ана биікке шығып ақ жаулығын бұлғайды. Жауынгерлер ананың қасына барып, жағалай қоршай отырады. Ана даусында қорқыныш та жоқ, жалыну да жоқ, жаймен әңгімесін баяндайды. (дауыс тембрі-сопрано)
Ана:- Менің атым-әйел. Мына қыздың анасымын. Бәрің де анадан тудыңдар. Анамен айтыспайды, алыспайды. Кел, ботам, өзіме.
(қызы жүгіріп анасына келеді, анасы қызын құшақтап отырады)
Батыр: (дауыс тембрі - тенор) – Жаным, неткен адамсың, жөніңді айтшы.
Ана: -Мен мына қыздың анасымын! Он бесімде тап осындай едім. 15 жылдан соң қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап әкелген. Берсеңдер тірі, бермесеңдер өлі алып қайтам.
Батыр:- Айыптымын алдыңда, қыз сенікі. Желден де еркін өмір сүр.
(Ана қызын алып бара жатып артына бұрылады)
Ана: - Керей деген ел, Жалпық деген балуан көрсең сәлем айт. Бұл әйел Жалпақ балуанның іздеп келген, кішкентай кезінде атастырып қойған қалыңдығы еді.
Әйелдің сөзі батырдың жүрегін жарып жібереді.
(балуан гүрс етіп құлап түседі)
Хор: Қыздар партиясы- жіңішке сопрано
-Ах - ах - а -ах
Ер балалар партиясы: альт
-Ах - ах - а -ах
Қыздар мен ер балалар қосылып:
-Ах - ах - а -ах
Қойылымның соңы:
ІІІ қабат Антракт (үзіліс). Аналар дәмханаға шақырылады. Аналарға арнап әндер айтылады.
Н.Тілендиевтің әні: «Құттықтаймын мама туған күніңмен!»
И.Нүсіпбаевтың әні: «Анашым»
IV қабат: Дәрісхана
Музыка пәнінің мұғалімі: - Балалар біз енді күй дыбысы арқылы ананың бейнесін жасап крейік. Музыка дыбыстары арқылы жасалған бейнелерді музыкалық бейне
деп атаймыз. Құрманғазы өзінің - «Аман бол, шешем, аман бол» күйін анасына
арнаған. Торы атты ерттеп, жолға жиналған Құрманғазы, өзін шығарып салуға жиналған ауылдастарын көреді. Олар Құрманғазыны қимай жылап тұрады.
Бір кезде анасына қараса, көзіне жас алмаған, керісінше отты жанарымен жігер
беріп, тура қарап тұр екен.
Осы кезде күйші қолына домбырасын алып, бір күй тартады. Шығарып салуға жиналған достарының күйдің атын сұрамай – ақ біледі, өйткені бұл күйдің басындағы бірінші бастамасының өзі «Аман бол, шешем, аман бол» - деп сөйлеп тұрғаны сезіледі.
Оқушылар ««Аман бол, шешем, аман бол» күйін тартады.
V қабат. Кіші зал:
Музыка пәні мұғалімі: - Бұл қабаттағы қанатты сөздерге тоқталамыз.
«Театр-сымбатты өнердің ішіндегі ең зоры», «музыка-жүрек тілі, дыбыстар арқылы бейнелеген жан сарайы» «ән-халықтың үні, оның шындығы, ойы мен сезімі». «Халықтың әні кетсе, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді»
Бүгін біз сымбатты өнердің шаңырағы-театрда болдық. Театрдың әр қабатына сатылап көтерілген сайын, оның сырын ұғындық. Театр жөніндегі білімімізді кеңейттік.
Сабақты қорытындылау: Оқушылардың сабақтан алған әсерлерін сұрау.
Сабақты бекіту: Әдебиет жанры дара дамымайды. Жақсы туындыларға опера жазып, оны музыкамен әрлендіріп отырады. Бұл сабақта музыка мен сөздің бір-біріне қаншалықты қажет, бір-бірінсіз дами алмайтындығын көреміз.
Ананың баласына деген ыстық сезімі мәңгі өшпейді, өлмейді.
Ана баласына жанын қиғанға дейін барады. Ананың сөзінің күштілігіне қандай жау болса да тоқтайды. Ақ жаулық белгісін көргенде оқ атуға емес, келісім шарт болу деген ырымды білдіреді.
Күймен де ана бейнесін жасап, баланың анасына деген ыстық махаббатын музыкалық дыбыс арқылы жеткізуге болатындығын көрдік.
Қорытынды: Бағалау:
«5» алған оқушыларға «Үздік опера әншісі» атағы беріледі. Орден
«4» алған оқушыларға «Өнер қайраткерлері » атағы беріледі. медаль